Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

8 жыл бойы сахнаға шығармаған: Роза Рымбаева өзін өнерден алыстатқан әкімді есіне алды

Роза РымбаеваФото: instagram.com/rozarymbaeva

Қазақстанның Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында өзін сахнадан шеттеткен министр туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сұхбат барысында Тимур Балымбетов әншіден бұрынғы әкімнің оны жақтырмай, 8 жыл бойы сахнаға шығармай қойғаны және мәдениет министрлерінің бірінің концерттерден шеттетіп, әндерін басқа әншілерге орындатқаны туралы сұрады.

Ал әнші бұл ақпаратты жоққа шығармады.

“Иә, әрі менің партитурамды, менің ноталарымды пайдаланатын еді. Ондай министр болған, иә”, – деп жауап берді.

Халық әртісі әділетсіздікке бейжай қарай алмайтынын ашық айтты.

“Мен кейбір сәттерде ашықтан-ашық әділетсіздік, арам әрекет болып жатқанын көрсем, оған бейжай қарай алмаймын. Мен ересек адаммын, кішкентай қыз емеспін. Мен 50 жыл бойы сахнадамын. Жасымды тіпті айтпай-ақ қояйын. Мен қалыптасқан ересек адам ретінде өз пікірімді айтуға хақылымын. Неге айтпасқа? Неге мен үндемей отыруым керек?” – деді ол.

Ол мұндай сәттерде құзырлы органдарға арыз жазуға жүгірмейтінін, керісінше, адамның бетіне ашық айтатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Роза Рымбаева жақында сахнамен қоштасуы мүмкін екенін айтып, күтпеген мәлімдеме жасағаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 20:37