Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Роза Қуанышқызы: Жұрт мені сыр бермейтін «темір әйел» дейді. Бірақ, жалғыздықта көп жыладым

«Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген заманда әу дегеннің бәрі әнші. Бір ән жаздырып алып, «жұлдыз» болып жүретін той-бизнес өкілдеріне Роза Қуанышқызы өкпелі. Бұл туралы ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ашық айтты.

«Кезінде 1991жыл Кеңес Одағы құлағаннан кейін қаржыландыру деген мүлдем жоғалды. Сол кезде көптеген адамдар мамандығын ауыстырып, базарға кетті. Күнделікті бала-шағаны асырау үшін қаншама адам өнерді тастап кетті.

Ал, біз өнерімізді тастамадық. Қиындыққа қарамастан гострольге шықтық. Ауыл-қалаларды араладық. Нанға ақша таппай жүрген халықтың көңіліне аз да болса жұбаныш болғымыз келді. Қазір есіме бір қызық оқиға түсіп отыр. Кезекті гострольдік сапарға «Арай» ансамбльімен бірге 15 адам болып шықтық. Бір автобуста 15 адамбыз, бір жүк көлігіне тиелген аппаратурамыз бар. Бір ауылға барып концертті қойып бітірдік.

Енді есептесетін кезде әлгі ауылдың басшысы: «Біз сіздермен сиырмен есептесеміз» деді ғой. Енді ол сиырды не істейміз? Әрине, сол жерде сойып, барлық ұжымға сол сиырдың етін бөліп бергенбіз. Ал, меніңше қазіргі жастар мұндай қиындықтарға төтеп бере алмайды. Олар 2-3 минут ауыздарын фонограммамен жыбырлатып, соған долларлап ақша алып үйреніп қалған»,-дейді Роза Қуанышқызы.

Өнердегі өзін емес, өзіндегі өнерін бағалайтын әншіні көршілес Ресейлік продюсерлер де талай мәрте шақырған. Алайда, ол ұсыныстардың барлығынан Роза Қуанышқызы үзілді-кесілді бас тартқан. Мұның себебін де ашып айтты.

«Мен Кеңес Одағы кезінде Қазақстаннан алғаш рет бүкіл Одақтық конкурсты жеңіп алдым. Одан кейін Совет Одағының атынан бірнеше елге барып, конкурстарда бас жүлдеге ие болған әншімін. Негізгі концерттерімнің барлығы Москва, Ленинград, Санк-Петербург секілді үлкен қалаларда өтетін. Сол кездерде «Біздің Мәскеуге келіңіз.

Біздің радио-оркестрдің әншісі болыңыз» деген ұсыныстар аз болмады. Тіпті, Ленинградта MusicHoll деген үлкен оркестр бар. Сол ұжымның режиссері болған Рахлин мені аталмыш орталыққа бірнеше мәрте шақырды. Бірақ, мен келіспедім.

Себебі, біріншіден мен ол кезде өте жаспын. Басқа елге қоныс аударуға қорқақтадым. Екіншіден, өзімді басқа қалада тұру, басқа мемлекетте тұрып, басқа Республикада жұмыс істеу дегенді өзім жақсы түсінбедім. Жауапкершіліктен қорықтым. «Жоқ, мен өзімнің Алматымда тұрамын.

Қазақстанда еңбек етемін» дедім. Бұл таңдауыма ешқашан өкінбеймін. Әлі күнге дейін мені жеке шығармашылық кешіммен жиі шақырады. Достығымызға, творчествалық байланысымызға еш сызат түскен емес»,-дейді Роза ханым.

Қазақстан Халық Әртісінің өнердегі әр жетістігіне марқұм жолдасы Тасқын Оқаповтың қосқан үлесі зор деп біледі.

«Менің өнердегі биік шыңға жетуімнің басты себепшісі Тасқын деп білемін. Ол кісінің көзі тірісінде мен тек өнерді, сахнаны, киетін киім, айтатын әнімді, образымды ойлайтын едім. Нағыз шығармашылықтың адамы болдым.

Тіпті, базарда сәбіздің, қызанақтың бағасы қанша екенін де білмедім. Себебі, ол соның бәрін өзі реттеп жүретін. Ал, ол өмірден өткен соң бәрі менің мойымда қалды. Бала тәрбиесі, үй  шаруасы, ағайын-туысқа деген жауапкершілік, өнер.

Мұның бәрін бір арнаға тоғыстырып, үйлестіре білу оңай болмады. Аз жыламадым. Бірақ, ол көз жасымды тек менің жатын бөлмем мен жастығым ғана көрді. Айналамдағы адамдарға әлсіз, жаралы болып көрінуден қорықтым»,-дейді Роза Рымбаева.

Көпшілік «темір әйел» деп баға беретін Роза Қуанышқызы өзі үшін емес, ұлдары үшін қатты қорқып, алаңдаған.

«Қос ұл баланы ер азамат етіп тәрбиелеу әрине, оңай емес. Менің уайымым осы балаларым болды. Әли мен Мәдиге әкенің беретін еркектің мінезін, тәрбиесін үйрете аламын ба? Бойына сіңіре аламын ба? Олар Тасқынның атына еш кір келтірмейтін азамат болып өсуі үшін мен не істеуім керек? Осы сұрақтар мені қатты мазалайтын еді.

Аллаға шүкір, қазір ұлдарыммен мақтанамын. Әли әкесінен көрген тәлімін Мәдиге үйрете алды. Екеуі бір – біріне демеу, маған қолдау болды. Әлі де сол бағыттан таймай келеміз. Қазір есіме бір оқиға түсіп отыр. Әйел адам болғандықтан, сырттай темірдей көрінсек те, ішіміз нәзік қой. Тағдырдың сынақтарына шыдамай өксіп жылаған кезде Әлиімнің келіп «Мама, болып жатқан сынақтарға, оқиғаларға сіздің еш кінәңіз жоқ.

Ол өмірдің заңдылығы. Біз бәрін түсінеміз. Сізді әрдайым қолдаймыз» деген кезде менің аналық жүрегім жарылып кете жаздады. Ендігі арманым ұлдарымды үйлендіріп, немере сүю. Үнемі сахнада жүремін деп айта алмаймын. Жасым, уақытым келген кезде өнермен қоштасып, үйде немерелерімнің бесігін тербетіп, әлдиімді айтамын деп ойлаймын»,-дейді екі баланың анасы Роза ханым.

Бірақ, болашақта бір басымның екеу болуы екіталай дейді әнші.

«Тасқынның рухына бағынып, беріліп кеттім деп айта алмаймын. Алайда, өмірімде екінші рет Тасқындай азамат кездеспеді. Бәлкім, біреу Тасқынды жақтырмайтын шығар. Бәлкім, енді бірі оның бойындағы кемшіліктерін көрген шығар.

Ал, мен өзім тек Тасқынды ақжарқын, қолы ашық, жүрегі кең азамат ретінде таныдым. Оның махаббаты маған күні бүгінге дейін күш беріп келеді. Көп адамдар «жалғыздық Құдайға жарасқан» дейді. Мүмкін, өмірде мені де, өнерімді де дәл Тасқындай түсінетін азамат кездессе тұрмысқа шығар ма едім?! Алайда, ондай жанды кездестірмедім.

Оның азаматтығындай азаматтықты өзге еркектердің бойынан таппадым. Сол себепті де мен қазір жалғызбын. Әрине, жалғызбын деу жараспас. Өйткені, қос ұлым мен бауырларым бар. Болашақта да тұрмысқа шығамын деп айта алмаймын.

Осы жасымда секеңдеп тұрмысқа шыққаным маған жараспайды. Сондықтан, менің емес, ұлымның тойларын, шілдехана тойларды күтіңіздер. Қуаныш болса міндетті түрде ортақтасуға шақырамын»,- деп ағынан жарылды Роза Қуанышқызы Рымбаева.

Оқи отырыңыз:

80 жастағы ана: Қой бағып жүріп баламды өзім босанып, кіндігін де өзім кестім

11 жастағы қыз: Әкемізбен тұрғымыз келеді. Анам туыстарымен бірге үшеумізді күнде сабайды (видео)

Павлодарда полиция капитаны майордың өзін ұрып-соғып, балағаттап кеткенін айтты

«Кетерде анамды қатты құшақтады»: Туыстары қостанайлық жігіттің өлер алдында қалай қоштасқанын айтты

Өзіне қол жұмсаған қыз: Ауру мені жеңді! Күресуге қауқарым жоқ

Қазақстанда ер адамдардың жартысы жыныстық жолмен таралатын жұқпалы ауруларға шалдыққан

Талқылау