Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Росатом" Қазақстандағы бірнеше уран кен орындарынан бөлініп кетті

Ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясының құрамына кіретін "Ураниум Уан Груп" компаниясы Қазақстандағы бірнеше уран кен орындарынан бөлініп, шығып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: kazatomprom.kz

"Қазатомөнеркәсіп" баспасөз қызметінің дерегінше, "Росатом" құрамындағы "Ураниум Уан Груп" АҚ "Заречное" бірлескен кәсіпорнындағы 49,979 пайыз акциясын SNURDC Astana Mining Company Limited компаниясына сатып жіберді.

"Бұл компанияның түпкі бенефициары – Қытайлық State Nuclear Uranium Resources Development Co., Ltd. Сонымен қатар "Ураниум Уан Груп" Хорасан кен орнындағы "СП "Хорасан-U" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 30 пайыз үлесін және "Қызылқұм" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 30 пайыз үлесін China Uranium Development Company Limited компаниясына сатуды жоспарлап отыр. Бұл компанияның негізгі иесі Қытайдың China General Nuclear Power Corporation (CGN) компаниясы. Аталған мәмілелердің толық аяқталуы үшін тиісті рәсімдер жүзеге асырылуы қажет", – делінген компанияның хабарламасында.

Осылайша мәміле жасау кезінде және болашақта жасалатын келісімшартар негізінде "Қазатомөнеркәсіптің" бұл кен орындарындағы үлесі өзгеріссіз қалатыны айтылды. Бұдан бөлек "Заречное" кәсіпорнында 49,98 пайыз, "СП "Хорасан-U" ЖШС-де 50 пайыз және "Қызылқұм" ЖШС-де жанама түрде 50 пайыз деңгейінде сақталатыны белгілі болды.

Айта кетейік, "Солтүстік Хорасан" кен орны 1979 жылы ашылған және Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында орналасқан. 

Геолог, сарапшы Александр Вереницынның сөзінше, кен орнының жалпы қоры 33 мың тонна және пайдалану мерзімі 2038 жылға дейін есептелген.

"Хорасан жағдайында кен орнының ерекшелігі рөл атқарған сияқты. Алғашында мұндағы жылдық өндіру көлемі 3000 тонна уран деп бағаланған еді. Бірақ ресурс базасының толық расталмауына байланысты жобалық қуатты төмендету туралы келісімге қол жеткізілді. Қазір кен орнының жалпы қоры 33 мың тоннадан аспайды", – деді Александр Вереницын.

Түркістан облысындағы "Заречное" кен орнында уран өндіру 1977 жылы басталған. Кен орнының қоры шамамен 3,5 мың тонна болды. Бұл көлем 3-5 жылға жетуі мүмкін.

"Қазатомөнеркәсіпте" компания бүгінде минералды-шикізат базасын стратегиялық толықтыруға назар аударып отырғанын хабарлады. Осы мақсатта болашағы бар аумақтарды бағалауға және жаңа кен орындарын ашуға бағытталған ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасы іске қосылды.

"Биыл Қазатомөнеркәсіп уранды барлауға арналған төрт жаңа лицензия алды. Бұл перспективалы учаскелерді компания тек өз күшімен игеруді жоспарлап отыр. Алдын ала бағалау бойынша учаскелердегі болжамды жалпы ресурстар 180 мың тоннадан асады", – деп мәлімдеді компания өкілдері.


"Арамызды бұзатын қадамға бармау керек": Путин Қазақстанмен қарым-қатынасы туралы айтты


Еске салайық, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин "Казахстанская правда" газетіне жариялаған мақаласында "Росатом" Қазақстанда ядролық-отын циклі саласындағы жобаларды жүзеге асыруға және уран өнеркәсібін дамытуға практикалық көмек көрсетіп жатқанын айтты. Сонымен қатар Владимир Путин жыл сайын Қазақстан экономикасына салынған ресейлік инвестициялар көлемі артып келетінін, қазіргі олардың жалпы көлемі шамамен 13 миллиард доллар екенін атап өтті.

Талқылау