Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Росатом" Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің макетін көрсетті

АЭС макеті ұсынылды

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Қазақстан мен Ресей Алматы облысындағы АЭС құрылысы бойынша жұмыстарды бастады. Еліміздің Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Алматы облысында салынатын АЭС үлгісінің суреттерін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бүгін Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында ірі қуатты атом электр станциясын салу жобасы аясындағы алғашқы жұмыстар – станция құрылысына арналған оңтайлы алаңды айқындау және жобалық құжаттаманы әзірлеу мақсатындағы инженерлік іздестірулер басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Алмасадам Сәтқалиев АЭС-ке “Қазақстанның стратегиялық таңдауы, өңір мен елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің драйвері” деп баға берді.

“Бүгінгі күн – тек алғашқы қадам, бірақ дәл осы қадам Қазақстанның экономикасында жаңа жоғары технологиялық саланы қалыптастыру жолын айқындайды. Біз АЭС құрылысы заманауи инфрақұрылымнан бастап жаңа мектептер, балабақшалар мен әлеуметтік нысандарға дейін өңірдің дамуына қуатты серпін береді деп сенеміз”, – деді Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы.

Атом энергиясы жөніндегі агенттігі 8 тамыз күні Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылы маңында Қазақстанда АЭС салу жобасы аясында жұмыстардың басталуына арналған салтанатты шара өтетінін хабарлаған еді.

“Салтанатты рәсім аясында ресми сөз сөйлеулер, сондай-ақ топырақ алу мақсатында бұрғылау жұмыстарының басталуы және зерттеу жүргізу үшін капсуланы ресейлік тарапқа салтанатты түрде тапсыру жоспарланған”, – делінген хабарламада.

АЭС макеті ұсынылды

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Ведомство болашақ АЭС макетінің суреттерін жариялады. Макетте “3+” буынына жататын әлемдегі алғашқы №6 энергоблокты көрсеткен.

Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу жобасы аясында Ресей Қазақстанға жеңілдетілген шарттармен экспорттық несие беретінін жазған едік. 

Еске салсақ, бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік Қазақстанда бірінші Атом электр станциясын “Росатом” салатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ Қазақстанда екінші АЭС-ті қытайлық компания салатыны белгілі болды.

Айым Болатқызы
Жұма, 08 Тамыз, 2025 12:37
Талқылау
`