Фото: РИА Новости / Илья Питалев
"Росатом" басшысы Алексей Лихачев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу үшін халықаралық консорциумға жетекшілік етуі жайлы пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл – әлемдегі ең заманауи АЭС-тердің бірі болмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жобада жаңа буындағы ВВЭР-1200 реакторлары қолданылады.
"3+" буындағы ВВЭР-1200 реакторлары – уақытпен дәлелденген инженерлік шешімдер мен халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келетін заманауи белсенді және пассивті қорғаныс жүйелерінің үйлесімі. Мұндай реакторлар Ресейде және шетелде – Беларусь, Венгрия, Мысыр, Түркия, Бангладеш пен Қытайда да қолданыста", – деді Лихачев.
Ол құрылыс кезінде озық технологиялар мен халықаралық тәжірибе қолданылатынын атап өтті. "Росатом" жобаны Қазақстан жағдайына бейімдеу үшін түрлі елдердің жеткізушілерімен тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
"Алда атқаратын жұмыс көп, біз Ресей мен Қазақстан билігінің қолдауына үміт артамыз", — делінген корпорация баспасөз қызметі таратқан Лихачевтің ресми мәлімдемесінде.
Бұған дейін Атомдық энергия агенттігі Қазақстандағы алғашқы АЭС жобасы бойынша консорциумға "Росатом" жетекшілік ететінін хабарлаған. Ал ведомство басшысы Алмасадам Сәтқалиев болашақта тағы бір АЭС салу жоспары барын, ол жобадағы негізгі серіктес – Қытайдың мемлекеттік CNNC корпорациясы болатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Қазақстан станция құрылысы аяқталған соң АЭС-тің жалғыз иесі болатынын, серіктестік формуласы: "Келді, салды, үйретті – кетті" екенін атап өтті.