Роман Скляр Бестөбе кенішіне барды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Ақмола облысындағы Бестөбе өндіріс орнында болды. Жұмыс сапары барысында вице-премьер алтын кенішіндегі қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді.
Бестөбеде "Алтыналмас" серіктестігіне қарасты кәсіпорынның екі жыл мәжбүрлі тоқтап тұрған кезінде жиналып қалған кеніштегі жер асты суын сору жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы "АҚ Алтыналмас" АҚ басқарма төрағасы Баламир Маханов айтып берді.
"Жиналған суды сору 2023 жылдың 21 тамызында басталды. Қазірге дейін 225 мың текше метр су сорылды. Жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Шахтаны толығымен құрғату үшін бір жылдан астам уақыт қажет. Жұмыспен қамту мәселесіне келсек, кәсіпорында 417 адам жұмыс істейді, оның ішінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 329 адам тартылған, қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындардан да кеншілер жұмысқа тартылатын тартылатын болады. Компания аймақтағы әлеуметтік және экономикалық тұрақтылыққа мүдделі”, – деді ол.
Компанияның айтуынша, су тартылып, жаңа кеніш аймақтары қол жетімді болған сайын жергілікті тұрғындардан кеншілер қосымша жұмысқа тартылады. Өндірісті қалпына келтіру үшін толық жалақы алатын жұмысшылардың қажетті саны жұмысқа тартылады. Қалған қызметкерлерге компанияның басқа өндіріс орындарында жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасы индустрия және құрылыс министрлігінің ерекше бақылауында.
Келесі кезекте кеніштің алдағы тағдыры мен жергілікті тұрғындарды кәсіпорынға жұмысқа орналастыру мәселесіне алаңдаған Бестөбе ауылы тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесуде Баламир Маханов жұмыспен қамтудағы басымдық жергілікті тұрғындарда екенін айтып өтті.
Кездесу барысында ҚР Үкіметінің компанияның шахтаны қалпына келтіру және жер асты суларын сору жөніндегі жоспарларын қолдайтыны айтылды. Бестөбе кен орнында басқа инвесторлар болмайды. Кеніштің тез арада іске қосылуына барлық бақылаушы органдар мен жергілікті атқарушы органдар көмектесетін болады. Мемлекет үшін ең маңыздысы – ел үшін алтын өндіру кәсіпорынын жұмыс жағдайына келтіру арқылы қазынаға жалақы мен салық төлеу.
Роман Скляр Бестөбедегі барлық мәселелер заң аясында шешілетінін айтты. Вице-премьер алтын кенішінде заңсыз өндірумен қатаң күрес жүргізіліп жатқанын баса айтты.
Компанияның айтуынша, аймақтағы "қара өндіріс" кәсіпорынның мәжбүрлі тоқтап тұрған кезеңінде де тоқтамаған. Тек соңғы бір жарым жылда 1000-нан астам заңсыз кенші ұсталды, оның 620-сы бұл әркетін қайта жасағаны үшін. Осы уақыт аралығында 25 заңсыз қазу алаңы және құрамында алтыны бар материалдарды өңдейтін 7 заңсыз цех анықталды.