Ринат Зайытов елде ЛГБТ насихатына тыйым салып, лесбиандар жиынын өткізген "Феминита" қауымдастығына шектеу қоюды талап етті
9 қазанда мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов премьер-министрдің атына сауал жолдап, елде ЛГБТ насихатына тыйым салуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өз сауалында Зайытов ЛГБТ мен “Феминита” ұйымы болашақтың тамырына балта шабады деп мәлімдеді.
“Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Ол жасырын емес. Доспен табысып, бауырымыз бүтінделді деп қуанғанымызбен, арам пиғылдарын іске асыруға келген дұшпандар, жанымызды ауыртып жүрегімізді жұлуға сәл қалып тұр.
Солардың бірегейі қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы. Аз ғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі”, – дейді ол.
Депутат аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмағандарға өз насихаттарын ашық жүргізгенде, құқық қорғау органдары саусақ қозғалтқан жоқ дейді.
“Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?! Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық Құрылтайының маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ?! Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не? Сонда қалай?! Әншейінде кез келген мәселені майшаммен қарайтын құқық қорғау органдары ЛГБТ ұйымына келгенде "тәртіпті қауқарсыз" бола қала ма?” – деп қосты Зайытов.
Сөз соңында Ринат Зайытов "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" №31 Заңының 1-бабына сәйкес, феминита қауымдастығына Қазақстан аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті.
Еске салайық, бұған дейін Феминита белсенділері Алматы әкімдігін "Лесбиан құрылтайын" өткізуге қысым көрсетті деп айыптаған еді.