"Түсіністікпен қараңыздар": Шығыс Қазақстанда қоғам белсенділері мен депутаттар халықты бірыңғай уақыт белдеуін қолдауға шақырды
Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласының қоғамдық кеңесі мен қалалық мәслихат депутаттары Қазақстан халқын бірыңғай уақыт белдеуін қолдауға шақырып, үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі
Риддерліктер Шығыс Қазақстан халқының мемлекеттік бастамаларды қашан да қолдайтынын ерекше атап өтті.
“Жаңа уақыт белдеуіне көшу – мемлекетіміздің тиімді жұмыс істеуі үшін қабылдаған үкіметтің стратегиялық шешімі. Біз бұл мәселенің қоғамда алауыздық тудыруына жол бермейміз және барша қазақстандықтарды бұл өзгерістерге оптимистік тұрғыда және түсіністікпен қарауға шақырамыз”, – дейді қоғам белсенділері.
Сонай-ақ үндеу соңында Риддер қоғамдық кеңесі мен қалалық мәслихат депутаттары қазақстандықтарды маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін бірігуге шақырды. “Эмоцияны ысырып, алға қарай жылжуымыз керек” дейді риддерліктер.
Осылайша Риддер халқы биыл жылудың үздіксіз беріліп отырғанына ризашылық білдіріп, бірыңғай уақыт белдеуін қолдауға да қос қолдап келісті.
“Қаламыздың гүлденуінің негізі – тұрақтылық, қоғамдық келісім, бейбітшілік пен тәртіп. Біз қиын сәттерді бірге бастан өткердік, оны біріге жүріп шештік. Мемлекет басшысы қолдау көрсетті. Риддер жылу электр орталығын қалпына келтіру үшін біршама жұмыс атқарылды. Оны қалпына келтіруге 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 20 шақырымнан астам жылу желілері жөнделді”, – дейді жергілікті тұрғындар.
Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 160 миллион теңге бөлінетіні туралы жазған едік.