Рыбакина жарақат алып қалуына байланысты қатарынан екінші турнирге аяғына дейін қатыса алмады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA 1000 - Mutua Madrid Open ірі турнирінде жекелей ғана емес, жұптық сайыста да өнер көрсетті. Ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге олар жұптың екінші раундтық кездесуінен шығып қалды. Бұл қазақстандық спортшының денсаулығына байланысты болып шықты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Мадридтегі (Испания) турнирдің 1/4 финалына шығу үшін Рыбакина мен Павлюченкова румындық Елена Рузе және украиналық Марта Костюкпен ойнауы керек еді. Алайда, Қазақстан-Ресей дуэті турнирден бас тарту туралы шешім қабылдағандықтан, кездесу өтпеді.
Sport24 арнасына берген сұхбатында Павлюченкова мұндай шешімге не себеп болғанын айтып берді. Мұның басты себебі – Рыбакинаның жағдайы екені белгілі болды.
“Мадрид менің Австралиядан кейінгі бірінші ірі турнирім. Мен Даша Касаткинадан жеңілдім (соло), бірақ Лена Рыбакинамен бірге қарсыластарымызды жеңіп келе жатқан едік, бірақ, өкінішке орай, Лена жеңіл жарақатына байланысты ойыннан шығуға мәжбүр болды”, – дейді Павлюченкова.
Еске салайық, бұл 23 жастағы Рыбакина жарақатына байланысты матчтардан бас тартқан екінші турнир. Өткен аптада қазақстандық ойыншы Германияның Штутгарт қаласында өткен турнирде кездесуді аяқтамаған еді.
Мадридте өткен жекелей сында Елена ресейлік Анна Калинскаядан үш сетте жеңіліп қалғанын айта кетейік.