Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаевқа тиесілі ресейлік банктің таза пайдасы 2021 жылдан бері 10 есеге өсті

Фото: Евгений Разумный / Ведомости

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қоры бақылайтын Ресейдегі Азиатско-Тихоокеанский банкі кейінгі бес жылда таза пайдасын 1,5 миллиард рубльден (2021 жыл) 16 миллиард рубльге (102 миллиард теңге) дейін арттырған. Банк бұл көрсеткіш бойынша Қазақстандағы он ірі банктің қатарына кіре алар еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Выход к морю” Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресейдің Орталық банкі сайтындағы деректерге сәйкес, былтыр банк пайдасын тағы 50% ұлғайтқан. Ал тұтастай алғанда Ресейдің банк секторының табысы шамамен 8% төмендеген. Сол бес жыл ішінде банк активтері 134,5 миллиард рубльден 338 миллиард рубльге дейін өскен, осылайша, банк көрші елдер банктерінің алғашқы отыздығына енді. Бұл тізімде АТБ-дан бөлек шетелдік қаржы топтарының еншілес банктері – Raiffeisen Bank International, OTP Group, Citigroup және UniCredit ғана санкцияларға ілінбеген.


2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды


2018 жылы Ресейдің Орталық банкі АТБ иелерін қаржылық пирамида құруы мүмкін деп күдіктеніп, банкті сауықтыру рәсіміне жіберген. Оның тең иелерінің бірі, ресейлік кәсіпкер Андрей Вдовин ірі көлемдегі жымқыру мен алаяқтық жасады деп айыпталып, сырттай сегіз жылға сотталған. Ол кезде Вдовин Ресейден кетіп қалған еді. Кейін ол Forbes басылымына берген сұхбатында Орталық банк басшылығымен келісімге келе алғанда, банктің күйреуінің алдын алуға болар еді деп пікір айтты.

2021 жылы Ресей Банкі АТБ-ның 100% акциясын 14 миллиард рубльге Pioneer Capital Invest компаниясына сатқан. Ол сол кезде Jusan тобының басқарушы құрылымы болған. Бұған дейін аталған компания “Цеснабанк”, кейін Jusan Bank-тің ресейлік еншілесі болған “Квант мобайл банкке” де иелік еткен. Кейін бұл банктердің барлығы АТБ брендіне біріктірілді.

Pioneer Capital Invest бірнеше қор арқылы елдің тұңғыш президентінің активтерін басқарған. 2022 жылғы қаңтарда бұл құрылымның жиынтық капиталы 7,8 миллиад доллар екені белгілі болды. Активтері қатарында Jusan қаржы тобы, жылжымайтын мүлік, жеке ұшақтар, кейбір қазақстандық БАҚ, АҚШ қазынашылық вексельдері, Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік облигациялары және 3,4 миллиард доллар болған.

Сол жылы Қазақстанда Jusan тобын ел экономикасына қайтару бойынша ұзақ процесс басталды. Әртүрлі мәмілелер нәтижесінде ол шетелдік құрылымдардың бақылауына өтіп кеткен еді. 2023 жылы жазға қарай тараптар – Назарбаевтар әулетіне байланысты компаниялар мен мемлекет – дауды реттеп, өзара талап-арыздарын қайтарып алды. Нәтижесінде Jusan активтерін бақылау Ғалымжан Есеновке өтті.

2024 жылы Ұлыбританияда тіркелген Jusan Technologies компаниясына қатысты мәліметтер жарияланып, Назарбаевтар әулеті бірнеше миллиард долларлық активтер үшін жалпы 127 миллион доллар алғаны айтылды. Қазір Ұлыбританияда осы мәміле бойынша сот процесі жүріп жатыр, компанияның үш директоры келісімді мақұлдағаны үшін пара алды деген айып тағылған.

Былтыр қаңтарда АТБ Еуроодақтың санкциялық тізіміне енгізілуі мүмкін ресейлік құрылымдардың қатарында аталған. Алайда кейін Еуропалық Одақ санкция салған банктердің ішінде АТБ болмады. Санкциядан тыс қалған тағы бір қаржы ұйымы – Москоммерцбанк, ол бұрын Халық Банктің ресейлік еншілесі болған.

Айта кетейік, бұған дейін ҚБТУ университеті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қорына қайтарылғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 13 Ақпан, 2026 18:45