Отандық режиссер Руслан Пак не себепті адамжегіш Николай Жұмағалиев туралы фильм түсіргенін түсіндірді
Балалық шағын Қазақстанда өткізген режиссер Руслан Пак Оңтүстік Кореяда білім алып, кинорежиссер атанып, енді тарихи отанына оралып, осы жерде фильм түсірді. Оның бұл жолғы туындысы қазақстандық танымал адамжегіш Николай Жұмағалиев туралы баяндайды. Басты кейіпкер қанішердің өзі болмаса да, оқиға КСРО кезінде елді дүрліктірген каннибалды іздеу операциясы жайында өрбиді. Фильм негізгі кейіпкер - қылмыстық істі ашатын із кесуші жайлы баяндайды және оның образын ашады. Stan.kz тілшісі режиссермен сұхбаттасып, не себепті осы тақырып оны қызықтырғанын, фильмнің басты кейіпкері ретінде неге адамжегіштің өзі берілмегенін, сондай-ақ, Қазақстандағы киноиндустрияның ахуалы жайлы сұрады.
– Руслан, өзіңіз туралы айтып беріңізші. Қай жерде туып-өстіңіз, Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға көшіп, енді қайта тарихи отаныңызға оралуыңызға не себеп?
– Күндердің күнінде менде арман жоқ екенін түсіндім. Осы ой мені қатты уайымдатты. Тіпті Құдайдан маған жәрдем етуін тіледім. Бұл кезең қиын-қыстау 90-шы жылдар еді, дәл осы уақытта таңғаларлық жағдайда кинорежиссер болу идеясы келді. Содан бері 20 жыл өтті.
Менің әкем Үштөбеде (Талдықорған обл.) туған, жас кезінде Ташкентке оқуға барған, сол жақта мен де дүниеге келгенмін.
Балалық шағымды Қазақстанда, жастығымды Ташкентте өткіздім. Киноиндустрия ол кезде елде дами қойған жоқ етін. Сондықтан оқуға басқа елге барамын деп шештім, ВГИК (С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты) пен Корей Ұлттық Өнер Университетінің арасында ойланып, соңғысын таңдадым. Бұл таңдауым жайлы өкінген емеспін.
– Қазақстандағы киноиндустрияның дамуын қалай бағалайсыз?
– Қазақстандық кинонарық, бұл ең алдымен – феномен. Мәселен, ресейлік кино нарығынан айырмашылығы, мұнда қаржыландыру негізінен жеке секторлар арқылы жүзеге асырылады, көптеген жоба елдегі кинотеатрлар шектеулі санына қарамастан өзін ақтайды, тіпті табыс табады. Менің ойымша, қазақстандық кино нарық енді ғана ілгерілеу үстінде. Кинодағы жанр мен сюжеттер бірсарынды, әртүрлілік жоқ, сондай-ақ, әуесқойлар көп, бұл да өз кезегінде кино туындылардың сапасы мен мазмұнына әсер етеді. Кореяда да бастапқыда осындай жағдай болды. Ең бастысы - тоқтамау.
– Сіздің соңғы жобаңыз - "ТРИ" фильмі туралы айтып беріңізші, идея қалай пайда болды?
– Бала кезімде Жұмағалиев туралы естідім. Біраз уақыт бұрын мен Николай Жұмағалиевты ұстау операциясын басқарған адаммен таныстым. Біраз мәліметтерді білдім және олар мені қызықтырды, содан бастап сценарий жаза бастадым. Ол уақытта фильм түсіретіндей жағдайға жетеді деген ой болған жоқ.
– Неліктен сіз Николай Жұмағалиевтің кейіпкеріне емес, тыңшының образына басым назар аудардыңыз?
– Алдымен Жұмағалиев маған адам ретінде қызық емес екенін айтайын. Оның философиясы мен өмірге көзқарасы мүлдем қызықтырмады. Мен үшін ол ауру адам, қанішер және оның қылмыстарын неге және қалай жасағанына қызығушылық таныту жайлы баяндасам - бұл басқа фильм болар еді.
Екіншіден, мен өзімнің фильмімде бас кейіпкер ретінде қылмыскерді қоя алмаймын. Өйткені, әр көрермен бас кейіпкерге жанашырлық танытып, оған өзін ұқсатып отырады. Сондықтан мен үшін із кесушінің мінезі әлдеқайда жақын және қызықты көрінді.
– Фильмнің режиссері де, сценарий авторы да өзіңіз болдыңыз. Екі жүкті бірдей мойынға алу ауыр болмады ма?
– Кино – бұл өзі де өте қиын процесс. Бірақ бұл істі сүйетін болсаң, бұдан асқан жеңіл нәрсе жоқ. Мен өз ісімді қатты сүйемін. Кей кезде қиындық болса да, жалпы тәжірибе жүзінде бәрі ойдағыдай өтеді.
– Фильмнің премьерасы қай уақытқа жоспарланып отыр? Халықаралық фестивальдерге туындыңызды ұсынасыз ба?
– Келесі аптада 25 қазанда 25-кинофестивалінде Пусан қаласында премьерасы өтеді. Қазақстандағы фильмнің премьерасы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кейінге жоспарлануда. Әзірге қандай да бір болжам жасау қиын.
– Актерлік ұжым қалай таңдалды? Бас кейіпкерлерді қандай критерийлер бойынша таңдадыңыздар?
- Ең алдымен типаж, кескін-келбеті бойынша таңдалады. Асқарды және басқа актерлерді қашықтан таңдадым. Таңдау кезінде кәсіби білімі мен тәжірибесіне мән бердім.
– Жұмағалиевтің автобиографиясында сізді шошытқан нәрсе болды ма?
- Оның тиісті жаза алмағандығы және әлі күнге дейін өзінің құқығын қорғайтындығы (атап айтқанда, ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға тыйым салу туралы мәлімдеме жасайды) таңғалдырды.
– Бұл жобаны калай қаржыландырылды?
– Жоба жеке инвестициялар негізінде жүзеге асырылды.
– Неге фильмнің атауында адамжегіш, маньяк жайлы ештеңе айтылмаған? Жалпы бұл атау нені білдіреді?
– Фильм үш бөлімнен тұрады және басты кейіпкердің өмірінде цикл түрінде символикалық мағынағы ие. Басты кейіпкер осы циклды бастан өткереді. Соңында жеңе ме, жеңіліске ұшырай ма - оны көрермен шешеді.
– Қазақстандық шығармышылық топпен Корей елінің командасы арасында қандай айырмашылықтар байқадыңыз?
– Кореядағыдай, егер бұл істі ұнатпайтын болсаң, кино шығару мүмкін емес немесе өте ауыр болады. Біздің жағдайда ерекше айырмашылық байқаған жоқпын. Барлығы түсірілімге барын салды, ерекше құлшыныспен кірісті.
– Бұл сіздің Қазақстанда түсірілген алғашқы туындыңыз. Алдағы уақытта тарихи отаныңызда басқа жобалар жасауға жоспар бар ма?
– Болашақ жоспарлардың идеясы да, сценарийі де дайын. Ал дәл қазір «ТРИ» фильмін көрермен назарына ұсынуды асыға күтудемін.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
