"Қазақ элитасы украин элитасының ізімен кетіп бара жатыр": Ресейлік сарапшы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әскери ынтымақтастық қауіп төндіретінін айтты
Фото: telegram.org/k/#@barantchik
Ресейлік аналитик Юрий Баранчик Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әскери ынтымақтастық Ресейге қауіп төндіретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баранчик Кир Стармердің мәлімдемесі аясында Қазақстан мен Ұлыбритания әскери ынтымақтастық жарияланғанын атап өтті. Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі елді ықтимал соғысқа дайындалуға шақырған. "Бізге әскери күштері дамыған мемлекеттер тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан біз күресуге және жеңуге дайын болуымыз керек", – деп жазды ол.
"Мұның бәрі Ұлыбритания басшылығының Ресеймен соғысуға дайындалу туралы мәлімдемелері аясында болып жатыр. Қазақстанның ҰҚШҰ-ға мүше екенін және 2022 жылдың қаңтарында осы ұйым аясында Ресей бұл елді азаматтық соғыстың ықтимал хаосынан құтқарғанын ұмытпау керек. Қазақ элитасы украин элитасының ізімен кетіп бара жатыр. Біз британиялықтардың кезекті рет қайсысына от қойып жіберетінін күтіп, шетте қалмай, мәселені түбегейлі шешуді ойлауымыз керек", – деп мәлімдеді Юрий Баранчик.
Айта кетейік, 6 маусымда Қазақстан мен Ұлыбританияның қорғаныс ведомстволары арасында әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылғаны мәлім болды. Құжатта белгіленген негізгі бағыттар – бітімгершілік, тіл үйрету, қазақстандық әскери қызметшілерді Ұлыбританиядағы жоғары әскери оқу орындарында оқыту.

Оралдықтар көпқабатты үйдің ауласында Құрбан айт тойлаған: Олар енді айыппұл арқалай ма
