"Аяғының саусағын қолына салған": Алматыда 1,5 жасар балаға күрделі ота жасалды
Алматыда ресейлік микрохирург Игорь Голубев қазақстандық балаларға алты күрделі операция өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында сирек кездесетін аяқ-қол патологиясы бар балаларға ота жасалды. Күрделі науқастар үшін қол-аяқ микрохирургиясы бойынша әлемдік деңгейдегі маман, Мәскеудегі РУДН университетінің травматология және ортопедия кафедрасының профессоры Игорь Голубев Қазақстанға келді.
Ресейлік профессор ота жасаған науқастардың бірі бір жарым жасар Мүбәрәк дәрігерді ұзақ күткен.
"Менің немеремнің оң қолы туған кезде болмаған, ал сол қолы толық дамымаған – толыққанды бас бармағы жоқ. Қызым "Мейірімділік" қоғамдық қорына хабарласып, тексерулерден кейін дәрігерлер аяғының саусағын сол қолына саусақ ретінде салуға болатынын айтты. Бұл оның бір сол қолымен өзін басқара алуы, заттарды ұстап тұруы және сол қолын толық пайдалануы үшін. Болашақта мектепке барғанда қолына қалам ұстап, сол қолымен жаза алатын болды", – дейді баланың әжесі Мира Қалибекова.
Мүбәрәк оң қолының аплазиясымен және сол қолының бірінші және екінші саусақтарының фалангасы жоқ туылған. Нәрестенің дамуы өз құрдастарынан еш артта қалмайды, оның барлық сынақтары қалыпты. Саусақты аяқтан қолға ауыстыру операциясы сегіз сағатқа созылды. Енді дәрігерлер әр екі сағат сайын трансплантацияланған саусақтағы қан ағымын тексеріп отырады.
Бұл ДОМ қоғамдық қорының "Балаларға өмір сыйла" акциясы аясында ұйымдастырған 33-ші шеберлік сағаты.
"Мен ДОМ қорының шақыруымен Қазақстанда екінші рет келіп отырмын және мұндағы барлық операцияларым әртүрлі сипатта болды. Шығу тегі әртүрлі –жарақаттардан туа біткен ауытқуларға дейін, мысалы, саусақтардың болмауы. Бізде сирек кездесетін Маделунг ауруы бар қыз болды. Қарапайым тілмен айтқанда, оның радиус сүйектері дұрыс дамымай, қолдары қисық болып жетілген. Барлық науқасымызға хирургиялық ота жасалды, оларды қадағалаймыз", – деді медицина ғылымдарының докторы Игорь Голубев.