Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейлік блогер Варламов "шетел агенті" міндетін орындамады деген айыппен сотталды

Варламов сотталдыФото: Александр Ружечка

Мәскеудің Мещанский соты блогер Илья Варламовты Ресей әскері туралы "жалған" ақпаратты таратып, "шетел агенті" міндетін орындамады деген айыппен сырттай сегіз жылға соттады. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Zona.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мерзімге қосымша сот блогерге 99,5 миллион рубль (670 миллион 630 000 теңге) айыппұл салды. Басылымның мәліметінше, бұл Варламовтың 2023 жылғы табысы. 2025 жылдың ақпанында сот блогердің мүлкі мен есепшоттарына тыйым салған.

Әскери "жалған ақпарат" ісіне 2023 жылдың 23 қарашасында YouTube арнасында жарияланған бейнеролик себеп болған. Онда Ресей әскерінің Кривой Рог пен Одессаға жасаған шабуылдары туралы айтылған. Ал "шетел агенті" ретіндегі міндеттерді орындамау ісі оның аталмыш заңды 19 рет бұзғаны үшін қозғалған.


"Ешбір елде мұндай қызметті көрмедім": Ресейлік журналист Илья Варламов Алматы әуежайының қызметкеріне алғыс білдірді


"Менің қандай кінәм бар? Айтуларынша, әскер жайлы жалған ақпарат таратқан екенмін. Қорғаныс министрлігінің баспасөз хабарламаларын жеткілікті мұқият оқымаппын дейді. Енді, отаным маған отырып, мінез-құлқымды ой елегінен өткізуді ұсынып отыр. Не айтуға болады? Осындай ұсақ-түйекке бола жабырқайтын жайымыз жоқ қой. Өкінішке қарай, бүгін үкімнің жариялануына қатыса алмадым. Бірақ олар онсыз да жақсы атқарып шықты", – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, "орыс түрмесінде отыру" оның жоспарында болмаған.

"Мен әрдайым орманды қиратып емес, құшақтаған дұрыс дейтінмін. Сондықтан біраз уақыт бойы бөтен елде қайыңдарға сүйсініп жүре тұрамын. Бәрі жақсы болады", – деді блогер. 

Илья Варламов Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінен кейін елден кеткен және соғысқа қарсы ұстанымда.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейлік блогер Варламов Алматы туралы пікірін өзгертіп, қаланы әлемнің үздік қалалар тізіміне қосқан еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 15 Тамыз, 2025 09:11
Талқылау