Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ерлі-зайыпты бір жылда 20 бала сүйген: Әйелі күйеуі түрмеге қамалған соң жалғыз қалды

24 жастағы Кристина Гагаркина мен оның 57 жастағы күйеуі түрік кәсіпкері Галип Озтюрк артынан ізін жалғастырар 100 мұрагері болуын қалаған. Жоспарлары толық орындалмаса да, қазіргі уақытта олар 21 бала сүйіп үлгерген. Күйеуінің түрмеде отырғанына байланысты Кристина енді бүлдіршіндерді өзі қарауға мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жұп Батумиде танысқан кезде Кристина кішкентай қызы Виканы тәрбиелеп жатқан еді. Жұбайының балалы екені әрі екеуінің 23 жас ерекшелігі Галипті алаңдатпаған сыңайлы. Ол бірден жас орыс қызды әйелі етуді шешеді.

Көп балалы ана болу қуанышын тездету үшін Озтюрк жас әйеліне жоспарын ұсынған. Бір баланың туғанын тоғыз ай күткенше, суррогат аналардың арқасында оншақты мұрагерді дүниеге әкелу дұрыс деп топшылайды. Оның үстіне Грузияда бұл қызмет заңдастырылған. Әрбір суррогат ана ерлі-зайыптыларға 8 000 еуроға шығады, оған қоса медициналық көмек, тамақ және дәрі-дәрмек құнын төлейді.

Нәтижесінде 2021 жылдың күзіне қарай ерлі-зайыптылар 21 сәбиді дүниеге әкелді. Отбасы Батумиде ашық террассасы бар екі қабатты пәтерде тұрған. Бірінші қабат балалардың жатын бөлмелері, ойын бөлмелері және ас үй, ал екінші қабатта Кристина мен Галип бөлмесі болған.



Галип Грузияда қонақүй бизнесімен айналысқанда, Кристина балалы болу жайлы блог жүргізді, бір уақытта бірнеше қонақүйді басқарды. Үйлену тойынан кейін бірден ол әйелін бірнеше қонақүйге директор етіп тағайындады. 

Кәсіпкерді Грузия билігі мамыр айының соңында Батумиде тұтқындады. Галип ақша жымқырды және жалған құжат жасады деген айыппен ұсталды, деп хабарлады Қаржы министрлігі.

Батуми штаб-пәтерін тінту кезінде жедел-тергеу қызметі оның үйінен ірі көлемдегі қаражат, психотроптық заттар мен 7,2 кг кокаин тапты. 

Тергеу жалғасып жатқанда Батуми соты кәсіпкерді екі айға изоляторға жіберді. Адвокаттар прокуратураның жалған айып тағып отырғанын баса айтып, қарсылық білдіруге тырысып, оны 1 миллион лариге кепілдікке босатуды сұрады. Алайда прокурор бұған қарсы болып, Галиптің елден қашып кетуі мүмкін екенін айтты.

“Грузин ауылында дүниеге келдім және Гүржістанды бала кезімнен жақсы көремін. Грузияда алғашқы инвестициямды жасадым. Менің үйім осында, қайда қашуым керек? Мен келсімге келуге дайынмын”, – деп Галип өзін ақтауға тырысты. Алайда сот оның сөзін ескермеді. 

Галиптің өзі Түркияда кедей отбасында дүниеге келген. Бала кезінде алма сатып, кейін кезекте тұрғандарға шай беріп еңбек қылған. 13 жасында ағасымен Стамбұлға барып, алдымен шайханада, кейін Топкапы автовокзалындағы шағын шайханада жұмыс істейді. Ал 1992 жылы автобус компаниясын құру идеясын жүзеге асырады. 

Дегенмен, 2003 жылы кәсіпкер "пайда табуға бағытталған" қылмыстық топ құрғаны үшін сотталды. Төрт жылдан кейін оған Стамбұл қор биржасында айлакердік жасады деген айып тағылды, содан кейін басқа кәсіпкерді 2 миллион лира вексельге қол қоюға мәжбүрлегені үшін ұсталды. Осы кездің бәрінде ол сүттен ақ судан таза шығып отырған.

Бірақ 2012 жылы сот Озтюркті көптеген қаржылық алаяқтық пен кокаин қолданғаны үшін түрмеге қамады. 1996 жылы қанды қақтығыс ретінде қарастырылған істі қоздырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бірақ 2018 жылы Галип Түркиядан Грузияға қашып үлгерді.

Грузияда кәсіпкер тек Metro Tourism компаниясының төрағасы болып қала отырып, Батумидегі қонақ үйлер желісін басқаратын Batumi G.O.-ны дамытуға барын салған. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2020 жылға қарай ол Грузия экономикасына 500 миллион долларға жуық инвестиция салған.

Осы уақыт ішінде Галиптің бизнесі грузиялық зерттеуші журналистердің қызығушылығын тудырды. 

Қазір Қаржы министрлігінің Тергеу қызметі жалған құжат жасау, салық төлеуден жалтару және ақшаны жымқыру фактілерін тексеруде. Компания мен кәсіпкердің есепшоттары уақытша бұғатталды.

Галип Грузияның тергеу изоляторында жатқан кезде оның әйелі үй шаруашылығын жүргізуді жалғастыруда. Оған қызметі жылына шамамен 96 000 доллар болатын 16 күтуші көмектесіп жатыр. 

"Жалғыздық сезімі мені айналып өтпейді, қасымда қанша адам болса да.. Күйеуімнің үнемі үйде,  қасымда болатынына үйреніп қалдым. Галип соңғы жылдары тек үйден жұмыс істегендіктен, күндіз үнемі бірге болдық. Түнде балаларды төсекке жатқызғанда, әңгімеміз таусылмаушы еді", – деп жазды Кристина әлеуметтік желілерде.

"Қазір мен үшін бұрынғыдан да қиын, тыныштықта өзімді қоярға жер таппаймын, жұбайымның жоқтығына шыдай алмаймын, тіпті жалғыз ұйықтай алмаймын, оның жұмыс орны бос тұрғанын көру қиын”, – деді ол тағы.

Кәсіпкер жақсы дегенде 8 жылдан 20 жылға дейін немесе өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылуы мүмкін.

 

Талқылау