Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандықты Мәскеу полициясы ұрып-соғып, Украинадағы соғысқа жібермек болған

Фото: uralskweek.kz

Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандықты Мәскеу полициясы ұрып-соғып, Украинадағы соғысқа жібермек болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Орал апталығы” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Орал қаласының тұрғыны Маруа Ескендірова әлеуметтік желідегі парақшасында ағасы Жазылбек Әжіғалиевтің Мәскеуде белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін туралы мәлімдеді. 

Әйелдің айтуынша, Жазылбек желтоқсан айында қарыздары мен үш баласы үшін табыс табу мақсатында ағасы Батырбекпен бірге Ресейге жұмыс іздеп барған.

Ресейде ол "Три сестры" клиникасына мейіргер болып жұмысқа тұрып, тіркелу беру үшін құжат тапсырған. 2026 жылдың 18 қаңтарында оған құжаттарының дайын болғаны туралы миграциялық орталықтан хабарлама келген.

19 қаңтар таңертең Жазылбек Мәскеудегі миграциялық орталыққа такси шақырып кеткен, сол күннен бастап ол байланысқа шықпаған. Бір сағаттан кейін телефоны өшіп қалған көрінеді. Сол күні кешке ағасы Батырбек полицияға бауырының жоғалып кеткені туралы арыз жазған, алайда іздеу жұмыстары үш күн өткеннен кейін ғана басталатыны айтылған.

Ал 22 қаңтар күні Жазылбек Алматы әуежайынан байланысқа шығып, туыстарына басынан өткен жағдайларды айтып берген. Ер адамның айтуынша, ол Мәскеудегі миграциялық орталыққа келгеннен кейін оны полиция ұстап әкетіп, телефонын тартып алған. Сондай-ақ электрошокер қолданып, басына қап кигізіп алып кеткен көрінеді.

Ер адамды Ресей полициясы үш күн бойы соққыға жығып, азаптаған. Осы уақыт ішінде әскери комиссариат қызметкерлері үш рет келіп, Жазылбектен Украинадағы "арнайы әскери операцияға бару" туралы келісімшартқа қол қоюды талап еткен, бірақ ол бас тартып, өзін депортациялауды сұраған.

21 қаңтар түнде оны әуежайға алып барып, Алматыға ұшаққа отырғызып, елден шығарып жіберген. Сонымен қатар оған Ресейге бес жылға кіріп-шығуына шектеу қойылған.

Қазір ер адамның туыстары Ресей полициясы мен әскери комиссариаттың әрекеттерінің заңсыздығын дәлелдеу үшін Қазақстанның құзырлы органдарынан жауап күтіп отыр.

Дана Русланқызы
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 18:38