"Ресейдің арзан тауары нарықты жаулады": Кәсіпкерлер шетелдік өнімнің көбейгенін айтып дабыл қақты
Отандық азық-түлік өндірушілер Ресейдің арзан, бірақ сапасыз тауары нарықты жаулап бара жатыр деп дабыл қақты. Ал базар, дүкен сөрелерінде Қазақстан, Қырғызстан, Белорусь өнімдері бір апта ішінде тағы қымбаттаған. 4 айда 2 жарым миллиард доллардан астам Ресей импортын қабылдаған Қазақстанға бұдан артық өнім кіргізу қауіпті дейді кәсіпкерлер, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Сүт пен сүт өнімдерін сатып алушылардың саны күн сайын азайып бара жатыр деген саудагерлер жергілікті өнімнің бағасына соңғы аптада тағы 10 теңге, ал Қырғызстанның өніміне 20 теңге қосылды дейді. Белорусь елінен әкелінетін ірімшік тағы 50 теңгеге қымбаттапты. Ал сапалы сары майдың дәмін мүлдем ұмыттық дейді кейбір тұрғындар.
Бірақ сүт және май одағының өкілдері отандық өнімді супермаркет сөрелеріне шығару оңай емес, өйткені сауда желілері сапаға емес, бағаның төмен болғанына мән береді дейді. Яғни төмен сұрыпты өнім нарығын өздері осылай қалыптастырып отырғанын айтады. Сөрелердің тең жартысы импорттық тауарға толып тұрғаны да содан дейді. Ал отандық тауар өндірушілер өтімділікті арттыру үшін бағаны мәжбүрлі түрде төмендетіп, қарызға батып отыр екен.
"Қара тізімге іліккен тауарлардың басым бөлігі – импорттық өнімдер. Қаптамада көрсетілген талаптарға сәйкес келмейді. Құрамындағы май қышқылы, сүт майының үлесі, жалпы майлылығы сәйкес келмейді. Бұл жүрек-қан тамыр ауруларына әкеп соқтыратыны белгілі", – дейді ҚР май және тоң май одағының президенті Константин Неврозов.
Кәсіпкерлер отандық өнімді Үкімет қолдамаса, істің өнбейтінін қазірден айтамыз дейді. Олар дүкен сөрелеріндегі тауардың 80 пайызы өзіміздікі болуы керек деген талап қойылуы шарт екенін айтады.
"Қазір логистикалық қиындықтар туып жатыр. Ресейден біз көптеген қоспаларды алдыртынбыз. Бұл бағаға да әсер етіп жатыр. Шикізат 65 пайызға қымбаттаған, сәйкесінше шағын кәсіпорындарда дайын тауар 65, ірі өндірісте 23 пайызға өсіп отыр. Ал қайта өңделетін тауар 30 пайызға көтерілді", – деді сүт одағының басшысы Владимир Кожевников.
Сүт өнімдерінен бөлек биыл Ресейден 300 миллион долларға кәмпит пен печенье, 200 миллион долларға қант әкелінген. Тізім осылай жалғаса береді. Жыл басынан бері бас-аяғы Қазақстанға 4,9 миллиард долларға импортталған жалпы өнімінің тең жартысы осы көрші елден жеткізілген. Кәсіпкерлер Ресей экспортын шектемесе отандық кәсіпорынды тұншықтыратып тастайды деп алаңдаулы.