"Ресейдегі жағдай Қазақстанға әсер етпей қоймайды": Саясаттанушылар көрші елде болған қарулы төңкеріске қатысты пікір білдірді
Қазақстандық саясаттанушылар Ресейде басталған қарулы төңкеріс туралы өз ойларын білдіріп, мұның елімізге қалай әсер ететіні туралы айтты. Бұл жайлы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Саясаттанушы Ғазиз Абишев Ресейдегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, төңкерістің Қазақстанға әсер етпейтінін мәлімдеді.
"Бұл – Ресейдің ішіндегі топтар айқасы. Сондықтан Қазақстанға келіп-кетер қауіп жоқ. Сыртқы саясатқа да әсер етпейді", – деді ол.
Ал Қазыбек Бейсебаев көрші елде болған жағдайдың Қазақстанға әсер етпей қоймайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше,
"Біріншіден, Ресейдегі жағдай біздегі ақпарат алаңына әсер етеді. Себебі көрші ел болғандықтан ақпарат алаңымыз ортақ. Бұл Қазақстанның Ресейге тәуелді екенін білдірмейді. Екіншіден, Ресей билігі жағдайды қолға алмаса, әрі қарай күрделенеді. Егер төңкерісті тоқтатса, ештеңе өзгермейді. Турасын айтсақ, көтеріліске шыққан адамдардың өткен өмірі таза емес. Ұлтшылдық бағытты ұстанса, бізге де қатер төнеді. Өз жерімізді қайтарамыз деуі де ықтимал", – деді саясаткер.
Қазыбек Бейсебаевтің пікірінше, Қазақстан бұл жағдайға қатыспайды.
"ҰҚШҰ аясында да Қазақстан араласпайды. Бұл істің бізге қатысы жоқ. Ресеймен көрші болғандықтан, ол жақта болған жағымсыз жағдай бізге дәл солай әсер етеді. Ресейде барлығы жақсы болса, бізде жақсы болады", – деп түйіндеді сарапшы.
Саясаттанушы Досым Сатпаевтың пайымдауынша, Ресейдегі қарулы төңкеріс мемлекеттің имиджіне кері әсер етеді. Facebook-парақшасында жариялаған жазбасында ол Қазақстанның кез келген жағдайға дайын болуы керегін мәлімдеді.
"Төңкерістің қанша уақытқа созылатыны маңызды емес. Бәлкім, Пригожинді жеңіп кететін шығар. Тіпті Путиннің жанында жүрген оның жақтастарын да тазартуы мүмкін. Ең бастысы, бұл демарш Ресейдің өз ішінде ел билігінің имиджін түсіреді. Мұнда соғысты жақтайтындар әлі де жетерлік. Путинді "білікті стратег" деп есептейтіндер бар. Бірақ ол өз қарамағындағыларды да бақылай алмай отыр деген сөз. Путин кеткен соң Ресейдің жағдай не болмақ? Қазақстанға солтүстіктегі көршімізде болатын кез келген жағдайға дайын болу керек", – деп жазды ол.
Еске салайық, “Вагнер” жеке әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожин Ресейдің қорғаныс министрлігі әскерилерге соққы жасағанын мәлімдеген еді. Кейін Пригожин Ресейде “әділдік маршын” өткізетінін хабарлады.
“Вагнер” жетекшісінің мәлімдемесінен кейін Ресей билігі әскери төңкеріс дерегіне байланысты қылмыстық іс қозғады. Ал БАҚ беттерінде “Вагнер” әскерінің Ростов аймағында байқалғанын жазды.
Көп ұзамай Мәскеуде антитеррористік шаралар басталды. Қала мэрі Сергей Собянин жолдарда қосымша бақылау енгізіліп, жаппай іс-шараларға шектеу енгізілетінін хабарлады.
Ал төңкеріске қатысты пікір білдірген Ресей президенті Владимир Путин мұны “сатқындық” деп атап, төңкеріске қатысқандардың барлығы жазаланатынын мәлімдеді.