"Ресейдегі туыстарымызбен еш кедергісіз видео қоңырау арқылы сөйлесеміз": Интернетке қосылған Түркістан облысының тұрғындары бүгінгі тіршілігін баяндады
Бүгінде “250+” мемлекеттік бағдарлама аясында шалғай ауылдар да ел қатарына қосылып, кең жолақты интернетке қолы жетті. Сол ауылдардың бірі – Түркістан облысында орналасқан Қаражантақ елді мекені. Мұнда осы жылдың көктеміне дейін мүлде интернет болмады деуге саяды. Тек биылғы мамыр айында байланыс мұнарасы орнатылып, тұрғындар ғаламторды тиімді пайдалана бастаған.
Қаражантақ елді мекені – орталықтан алыс орналасқан ауыл, Арыс қаласымен арақашықтығы – 28 км. Ауылда 90-ға жуық үй түтін түтетіп отыр. Шағын болса да тіршілігі қайнап, жұмысы жанданған. Ауыл тұрғындары егін егіп, мал бағып күнелтеді. Халық арасында бұл ауылды "қарбыз мекені" деп те атайды.
@stan.kz "Ресейдегі туыстарымызбен еш кедергісіз видео қоңырау арқылы сөйлесеміз": Интернетке қосылған Түркістан облысының тұрғындары бүгінгі тіршілігін баяндады
♬ оригинальный звук - STAN KZ
Ауыл тұрғындары "биылғы көктемге дейін интернет жоқтығының зардабын көрдік" дейді. Әсіресе, коронавирус пандемиясы өршіп, оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшкенде, тұрғындар әбден қиналған. Ғаламтордың ғаламатынан тыс қалып, тиісті деңгейде білім ала алмаған. Сабақ оқу үшін төбе мен қырды аралап, ағаш мен шатырдың үстінде отырған. Тіпті, балалардың шатырдан құлаған кездері де болыпты. Ал қазір ауыл тұрғындары сол күндерді күліп еске алады. Себебі бүгінде ауыл шетіне байланыс мұнарасы орнатылып, қазіргі таңда оқушылар еш кедергісіз білім алып, азаматтар алыс-жақын ағайын-туғандарымен сөйлесіп, арқа-жарқа болып жүр.
"Пандемияның кесірі бәріне тиді. Мектепте, сыртта оқып жүрген балалар онлайнға өтіп қалды. Рас, сол кезде қатты қиналдық. Интернет деген болған жоқ. Ауыл шалғай. Wi-fi қостырғандар болды, оның өзі дұрыс істемеді. Балалар таудың, үйдің төбесіне шығып кетті. Айта берсек, жағдайлар көп қой", - деді Қаражантақ ауылының биі Орынбек Шухботов.
Ауыл биінің сөзінше, шатырда отырып сабақ оқыған балалардың кейбірі құлап түсіп, жарақат алған. Осыдан кейін ата-аналардан маза кеткен, төбедегі балаларын құламасын деп үнемі бақылап отырған. Биыл сәуірде Kcell-ден мамандары келіп, ауылға интернет қосқалы олардың да көңілдері жай. Балалары көз алдарында жүреді. Оның үстіне, қазір олар дәстүрлі білім беру жүйесіне оралған. Дегенмен мұғалімдер мен оқушылар ғаламтордан алыстай қоймады.
Әбілхан Сандуғаш Қаражантақ ауылындағы Бейсенбай Кенжетаев атындағы жалпы орта мектепте физика пәнінен сабақ береді. Оның сөзіне сүйенсек, қашықтан оқу туралы шешім қабылданғанда мектеп мұғалімдері қатты уайымдаған. Ауылда интернет желісі жоқ, оқушыларға қалай сабақ берерін білмеген. Соған қарамастан, ұстаздар қиындықтан жол тауып, бір жыл бойы тау-төбені аралап жүріп, мүмкіндігінше білім беруге тырысқан.
"Былтырғы оқу жылы оқушылардың бәрі онлайн оқыды, яғни Zoom платформасы арқылы оқушыларға сабақ беру немесе керіс байланыс алу өте қиындыққа түскен болатын. Биыл өткен жылмен салыстырғанда өте керемет, интернет желісі қосылды, сонымен қатар, оқушыларымыз оффлайн оқиды. Алайда қазір де интернет желісімен Kundelik.kz, яғни оқушыларымызға күнделікті бағасын қойып, ешқандай кедергісіз нәтижесін алудамыз", - деді Әбілхан Сандуғаш.
Интернеттің игілігін қарапайым ауыл тұрғындары да көріп отыр. Әсіресе, азаматтар қажетті анықтамаларына жылдам, үйінде отырып қолжеткізе алатынына қуанады. Бұған дейін олар мемлекеттік қызметті алу үшін уақыт бөліп, орталыққа баратын. Ал қазір жолы мен уақытын үнемдеп, оны тиімді істерге жұмсайды.
"Интернеттің жылдамдығына келетін болсақ "H" және "4G" ұстайды. Әр жерде әртүрлі. Сол екі жылдамдықты ұстайды. Интернетті орнатқан Kcell мамандары ауылдағы желі жылдамдығын тексеріп, тұрғындармен тілдескен болатын. Көктемнен бері мұнараға интернет желісін жақсартатын құрылғы қойғаннан кейін ауылда емін-еркін, үйден шықпай-ақ, байланыс іздемей, керекті қызметтерімізді алып отырмыз. Соның ішінде қазір талап етіп жатқан "Ashyq" бағдарламасын, "Egov" қосымшасын да телефонмен қолданып, цифрлық құжаттарымызды алып отырмыз. Анықтамаларды, вакцина құжатын оңай алатын болдық. Интернет жылдамдығы жоғары болған соң азаматтар да бәрін түсініп, жеке кабинеттеріне кіріп ала алатын болды", - деді Қаражантақ ауылының тұрғыны Бағдат Смайыл.
Бағдат ауыл мектебінде "Информатика" пәнінен сабақ береді. "Ауылда интернет жүйесі нашар кезде бәрі көмек сұрайтын" дейді ол. Биік жерге шықса да ғаламторға қосылу қиынға соққан, ұзақ уақытты алған. Тұрғындардың шатырда түнеген кездері де болған. Ал қазір ауыл азаматтары жайбарақат өмір сүреді. Бағдат мұны дәлелдеу үшін көз алдымызда интернет жылдамдығын да есептеп берді.
"Қазір жылдамдығын өлшеп көрдім. Негізі, интернет жылдамдығының екі түрі бар: жүктелетін және жіберілетін. Бұл жерде жүктелетіні – 3 Мб көрсетіп тұр, жіберілетіні – 6 Мб көрсетіп тұр. Бұл, жалпы алатын болсақ, кез келген қызметтерді ашып, еркін пайдалануға болады деген сөз", - деді информатика пәнінің ұстазы.
"Қарбыз мекені" деп аталып кеткен Қаражантақ ауылының тұрғындары осы жидек түрін өсіруді негізгі кәсіпке айналдырыпты. Олардың сөздеріне сенсек, бұл жердің қарбыздары республиканың әр түкпіріне, одан қалғаны, шетелге жөнелтіледі. Жидек пісіп, оны жинау науқаны басталғанда, ауылда қызу жұмыс жүреді. Дегенмен байланыстың болмауы кәсіп иелерін қиын жағдайға әкеп соқтырыпты. Шаруалар жиған-тергенін өткізу үшін тасымалдаушылармен немесе сатып алушылармен байланыса алмай, әбігерге түскендерін де жасырмады. Ал биыл бұрынғыдан жұмыстары жеңілдеген. Айтуларынша, енді олар саудагерлермен емін-еркін телефон арқылы тілдесіп, тіпті, шыққан өнімді видео қоңырау арқылы көрсететін болған. Сонымен қатар, WhatsApp желісінде кәсіпкерлер чатын ашып, бизнестеріне қатысты сұрақтарын осында талқылайтын болған.
500-ден астам адамы бар елді мекен тұрғындарының жұмысы мен сабағы ғана жеңілдей түскен жоқ. Туған-туыстарымен де қарым-қатынастары нығайды. Қазір алыстағы туғандарымен үздіксіз хабарласып, жаңалықтардан жылдам хабардар болып отыр. Солардың бірі – Тәлтелеевтер отбасы. Ата-ана қос қызын қиясына қондырып, бүгінде олардан немере сүйіп отыр. Бұрын қыздары мен немерелерін сағынып, сарғайып жүретін. Қазір видео арқылы хабарласып, мауқыларын басып жүр.
"Ауылымызға интернет келгелі жақсы болып қалды. Балаларымыз телефон қарап, интернеттен жоқ сабақтарын тауып алып жүр. Одан бөлек, ағайындарымызға, қыздарымызға видео арқылы хабарласып, сағынышымызды басып жатырмыз. Бұрын ондай жоқ еді, қазір жақсы болды. Ресейде де інілерім бар, сол жақта жұмыс істейді. Олар мен де сөйлесіп тұрамын. Қазір дамыған елміз ғой, шетке кеткендермен байланысып отырмыз", - дейді Қаражантақ ауылының тұрғыны Тәлтелеева Ләззат.
Әйелінің сөзін отағасы Сапилла да растайды. Алайда отағасы бәрінен бұрын кішкентай ұлы үшін қуанады. Еркесі енді интернеттен кез келген мультфильмді көре алады.
"Балалар қазір телефон арқылы барлық нәрсені, мультфильмдерін көре беретін болды. Қазір балалар теледидар қарамайтын болды (күліп). Барлық жерде жұмыс істей беретін болдық. Келіншегім айтқандай, Ресейдегі ағайындармен сөйлесеміз, қыздарымызға видеомен хабарласып, немерелерімізді көріп, сағынышымызды басамыз. Интернеттің игілігі өте жақсы болды", - дейді Қаражантақ ауылының тұрғыны Тәлтелеев Сапилла.
Осылайша, ауыл тұрғындары интернет жылдамдығы жақсарғаннан бері оның игілігін көріп келеді. Уақыттарын тиімді пайдаланып, ғаламторды жиі қолданатын болған. Тұрғындар бірінші кезекте ауыл жастары үшін қуанады. Ақсақалдар мен ақжаулықтылар: "Бізге не керек дейсің, кей кезде қолданатынымыз болмаса, мына, жастарға жақсы болды. Интернеттен ізденіп, көріп, көзі ашылады", - дейді.
Әңгіме барысында ауыл биі тұрғындардың бұйымтайын жеткізуді де сұрады.
"Бәрі әсте-әсте болып жатыр. Биыл мамыр айының басында интернетті құрды. Балаларымыз үйде, ағаш пен үйдің төбесіне шықпайтын болды. Дамып жатыр ғой. Құдай қаласа, интернеттің жылдамдығын бұдан да арттырады деп үміттенеміз", - деді Қаражантақ ауылының биі Орынбек Шухботов .
Ауыл халқының үміті көп ұзамай ақталғалы тұр. Әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, қазан айының ортасында ауылда байланыс операторларының саны артып, интернет жылдамдығы қазіргіден де күшейеді.