Ресейде Samsung Galaxy телефонының кесірінен үш қабатты зәулім үй өртке оранды
12 қазан күні Красногорск ауданында жеке тұрғын үй өртке оранған. Бірнеше минуттың ішінде үш қабатты зәулім үй жанып кетіпті. Үйдің қожайыны өрттің шығу себебін ұялы телефоннан көріп отыр.
Бұл туралы life.ru хабарлайды.
Үй қожайынының айтуынша, ол Samsung Galaxy маркалы телефонын электр көзіне қуаттап диван үстіне қойып, өзі көрші бөлмеге кетіп қалған. Бірер сәттен соң ол күйіктің иісі, шатырлап жанған дауысты естиді. Ол лапылдап жанған диванды өшіруге тырысқанымен, өрт бағынбай көлемі арта береді. Ақыры бағынбасын білген қожайын және үйге келген қонақтар әзер дегенде сыртқа шыққан.
Өрттен қатты зардап шеккен 55 жастағы ер адам жедел ауруханаға жеткізілген.
“Телефонның жарылып кеткенін білдік. Ал үйге келген қонақ пен қожайынның әйелін көршілер екінші қабаттағы балкон арқылы түсіріп алған. Өрттің телефонның кесірінен шыққанын төтенше жағдай қызметкерлері де растады”, – дейді көршісі Татьяна.
Әйелдің сөзінше, өртке себеп болған Samsung Galaxy, жақында ғана сатып алынған екен. Биылғы жылдың 19 тамызынан бастап бүкіл әлемге таралған Galaxy Note 7 телефоны да осындай түрлі оқыс оқиғаларға себеп болуда. Осыған дейін де Көлікте қуаттауға қалдырған Samsung Galaxy Note 7 смартфоны жарылып, автокөлік өртенгені, Қытайда ойын ойнап отырған Samsung смартфонынан от шығып жанып кеткені жайлы айтылған еді. Кейінірек Samsung Galaxy Note 7 смартфондарын өшіріп тастауға кеңес берді.