Ресейде қаза тапқан екі қазақстандық террористер мен экстремистер тізіміне енді
Ресейде атыс кезінде қаза тапқан екі қазақстандық террористер және экстремистер тізіміне енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жөнінде ресейлік Telegram арналар жазды. 14 наурызда жаңартылған тізімде Сәбит Әшіралиев және Жәнібек Тасқұлов атты екі адамның аты-жөні де бар. Бұл ресейлік ASTRA телеграм-арнасы жазған Ресейдің Калуга облысында 7 наурызда атып өлтірілген екі адамның аты-жөнімен сәйкес келеді.
Бұған дейін 9 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейдің қауіпсіздік қызметімен атыс кезінде екі қазақстандықтың көз жұмғанын растаған.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, көз жұмғандардың қазақстандықтар екені және олардың Ресейге шыққаны расталып отыр.
- "Ислам діні деп атауға келмейді": Қазақстандық экс-депутат хиджаб пен тоқал мәселесін сынап, Қаңтар оқиғасын атап өтті
- Шетелдік "заңдағы ұрылардың" қолшоқпарлары Бурабайдағы бизнесті бақыламақ болған – ҰҚК
"Көрсетілген факті бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тексеріс ынтымақтастық арнасы аясында Ресей ФҚҚ-мен тығыз байланыста жүзеге асырылып жатыр. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жарияланбайды", – делінген хабарламада.
Олар Мәскеудегі синагогада теракт ұйымдастырмақ болды деген күдікке ілінген. Тінту кезінде қазақстандықтар болған үйден қару-жарақ тәркіленген.