Ресейде 9 қазақстандық жантүршігерлік жол апатына ұшырап, оның екеуі мерт болды
Тоғыз қазақстандық Ресейдің Самара облысында Самара-Үлкен Черниговка автожолының 101-шақырымында жол апатына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сенсек, жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат 5 қаңтар түнінде түскен. Апат салдарынан жеті қазақстандық жарақат алып, екеуі қаза тапты. Қайтыс болғандардың денелері Қазақстанға жеткізілді.
7 қаңтар таңертең жарақат алған жеті адам, оның ішінде екі бала санитарлық көлікпен Орал қаласындағы қалалық және облыстық көпсалалы ауруханаларға жеткізілді. Жарақат алғандарда мидың шайқалуы, аяқ-қолдың, жамбас сүйектерінің, омыртқаның сынуы, соғылу, гематома сияқты көптеген жарақат анықталған. Жағдайлары орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Бұл операцияға облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының 23 қызметкері және 8 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ Орал қаласынан шекаралық өткелге дейінгі колоннаны алып жүру және қайтару үшін облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тартылды.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысындағы Астана-Петропавл тас жолында болған ірі жол апатына ұшыраған көліктер саны 95-ке жеткенін жаздық. Ірі жол-көлік оқиғасынан кейін зардап шеккен 11 адам ауруханаға жеткізілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 70-тен астам адам жылыту орталықтарына жеткізіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді.