"Ресей тарихы, 1945 жыл мен ХХІ ғасырдың басы": Мәскеу билігі Украинадағы соғысты ақтайтын оқулық шығарды
Мәскеу билігі Украинамен соғысты ақтап, Батысты Ресейді құртуға тырысты деп айыптайтын жаңа оқулық шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейде мектеп оқушыларына Владимир Путин Украинаға қарсы "арнайы әскери операциясын" бастамағанда адамзат өркениеті жойылуы мүмкін еді деп үйретеді.
"Ресей тарихы, 1945 жыл мен ХХІ ғасырдың басы" деп аталатын оқу құралын президенттің кеңесшісі, Ресейдің бұрынғы мәдениет министрі Владимир Мединский жазған. Бұл ресейлік мектептерде қолданылатын алғашқы ресми бекітілген тарих оқулығы. Кітапта 2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға басып кіруі сынды соңғы оқиғаларды баяндайды.
Қыркүйек айынан бастап ол Ресейде 11 сынып оқушыларына оқытылады. Оқулықта "Батыс Ресейдің ішіндегі жағдайды тұрақсыздандыруға құмар" деп, осы мақсатқа жету үшін батыс державалары "ашық орысфобияны" таратып жатқаны айтылған. Сондай-ақ Батыстың түпкі мақсаты – Ресейді жойып, оның қазба байлығын өз бақылауына алу делінген оқулықта.
Оқулықта Украина ұлтшыл экстремистер басқаратын ел ретінде көрсетілген. Онда елді Ресейге қарсы пайдаланатын Батыстың айла-шарғысындағы агрессивті мемлекет ретінде бейнелеген. Кітаптағы деректерге сәйкес, Украина Ресейді жек көру үшін жасалған Батыстың өнертабысы. Тіпті Украинаның көк-сары туын австриялықтар ойлап тапқан делінеді.