Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей сыртқы істер министрі депутаттардың Қазақстан аумағына қатысты айтқан мәлімдемелеріне жауап берді

Қазақстанның аумақтық тұтастығы туралы арандатушылық мәлімдемелер жасаған ресейлік саясаткерлер өздеріне назар аудартқысы келеді. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

Оның сөзінше, анығында Қазақстанмен қарым-қатынасты айқындайтын көшбасшы тұлғалар мұндайға жол бермейді және ешқашан олай жасамайды.

"Саясаткерлер мансабын әртүрлі жолдармен құрады. Сенсациялық мәлімдемеге құмарлары бар. Қоғамда пікір туғызатын жайттарды көтеріп, есте сақталып қалғысы келеді. "Бастысы, газеттің алғашқы бетіне шықсақ болды", дегендей.

Бірақ Ресей Федерациясының Қазақстанға деген көзқарасын айқындайтын нағыз көшбасшылар мұндай қадамға бармайды. Ешқашан олай жасамайды да. Өйткені ол одақтастығымызға, арада жасалған келісімдерге сай келмейді. Біз бір-біріміздің тәуелсіздігіміз, аумақтық тұтастықтығымыз, саяси көзқарастарымызды сыйлауымыз керек. Қарым-қатынасты мемлекет басшылары қол қойған құжаттар, парламенттер бекіткен заңдар, халықаралық құқық нормалар негізінде жалғастырамыз", - деп атап өтті Лавров.



Оның айуынша, осындай арандатушылық бағыттағы мәлімдемелер демократияның бір құндылықтарына айналып кетті

"Олар тек белгілі бір ортада талқыланып қалуы қажет. Нақты саясатқа келгенде арандатушылық болмайды деп сендіремін", - деді Ресейдің сыртқы істер министрі.

Еске салайық, ресейлік телешоулардың бірінің эфирінде Ресей мемлекеттік думасы білім және ғылым комитетінің басшысы Вячеслав Никонов "Қазақстан территориясы - Ресей мен Кеңес Одағының керемет сыйлығы" деді.

Оның сөзін ЛДПР көшбасшысы, Қазақстанның тумасы Владимир Жириновский қолдады.

"Қазақ тайпалары Орталық Азияда көшіп жүрген. Қазақ, қырғыз, қарақалпақтар араласып жатқан. Шекаралары болмаған. Оны бекіткен кеңес билігі", - деді Владимир Жириновский. 

Сонымен қатар, Ресей Федерациясы мемлекеттік думасының тағы бір депутаты Евгений Федоров "Қазақстан қазіргі территориясын Кеңес Одағынан жалға алған. Кездейсоқ жағдайда 100 пайыз жерді алып кеткен" деп мәлімдеді.

Еліміздің сыртқы істер министрлігі мұндай пікірлерден кейін Ресей елшісін шақырып, нота тапсырды. 

Қазақстанның сыртқы істер министрі  Мұхтар Тілеуберді ресейлік депутаттың айтқан сөзі "бос сандырақ" деп атады.

Гүлдана Қазтай
Бейсенбі, 06 Мамыр, 2021 09:27
Талқылау