Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей ресми түрде Ауғанстан Ислам Әмірлігін алғаш болып мойындады

Ресей Ауғанстан ислам әмірлігін мойындады

Фото: ТАСС/Ауғанстан елшілігі

2021 жылы тәліптер билік басына келіп, елге Ауғанстан Ислам Әмірлігі деген атау берді. Ресей президенті Владимир Путин бұл елді алғашқылардың бірі болып мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

ТАСС-тың хабарлауынша, президент Владимир Путин Ауғанстан Ислам Әмірлігін мойындау туралы шешімді елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың ұсынысымен қабылдаған. Кремльдің бұл шешімі жарияланғаннан кейін көп ұзамай, Мәскеудегі Ауғанстан елшілігінің қызметкерлері ғимараттың балконына шығып, Ауғанстан Ислам Әмірлігінің туын орнатқан.

Бұдан бөлек, Ресей сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бейсенбі күні Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Ресей Федерациясындағы жаңадан тағайындалған елшісі Гуль Хассан Хассаннан сенім грамотасының көшірмесін алды.

“Ауғанстан Ислам Әмірлігінің үкіметін ресми түрде мойындау актісі елдеріміз арасындағы әртүрлі салалардағы өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты дамытуға серпін береді деп санаймыз”, – деп жазды Ресей Сыртқы істер министрлігі.

Ресейдің Кабулдағы елшісі Дмитрий Жирнов бұл шешім “Ресейдің Ауғанстанмен толыққанды әріптестік орнатуға деген шынайы ұмтылысын көрсетеді” деп мәлімдеді.

"Коммерсантъ" газетінің жазуынша, елдің өкілдік деңгейі биыл сәуір айында, “Талибан” қозғалысы Ресейдегі тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарылғаннан кейін бірден елшілік деңгейіне дейін көтерілген. Оған дейін Ауғанстан Ресейде уақытша сенімді өкіл деңгейінде ғана ұсынылған еді.

Күні бүгінге дейін “Талибан” қозғалысы Ресейде террористік ұйымдар тізімінде еді. Осылайша, бұл қозғалыс әлемнің көптеген елдерінде террористік ұйымдардың қатарында.

Соңғы жылдары Ресей билігі ұйымның Ресей аумағында ресми тыйым салынғанына қарамастан “Талибан” өкілдерімен белсенді байланыс орнатып, оларды Мәскеуге ресми делегация ретінде бірнеше рет қабылдап келді.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Мәскеудің бұл қадамы АҚШ-тың жіті бақылауында болады деген болжам бар. Америка Ауғанстан орталық банкінің бірнеше миллиард долларлық активтерін бұғаттап, талибандардың кейбір жоғары лауазымды өкілдеріне қатысты санкциялардың күшін әлі де жойған жоқ. Нәтижесінде Ауғанстанның банк секторы халықаралық қаржы жүйесінен негізінен оқшауланған күйде қалып отыр.

Айым Болатқызы
Жұма, 04 Шілде, 2025 08:37
Талқылау