Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей Қазақстаннан бидай әкелуге ресми түрде тыйым салды

Ветеринариялық және фитосанитарлық қадағалау федералды қызметі Қазақстаннан бірнеше ауылшаруашылық өнімдерін, соның ішінде бидайды, жасымықты және майлы зығыр тұқымдарын импорттауға уақытша тыйым салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Мәліметтерге сенсек, тауарларды Ресей аумағы арқылы транзитпен тасымалдауға рұқсат етілген. Бірақ ол үшін тауарларға соңғы елге жіберілетін фитосанитарлық сертификатты рәсімдеу қажет және астықты вагоннан тікелей кеме трюмдеріне тиеу керек.

Қазақстаннан қызанақ, бұрыш, күнбағыс тұқымдары мен қауындарды тікелей транзитпен жеткізуге де толықтай тыйым салынған.

16 қазанда мәжіліс депутаттары Ресейдің осындай шаралары 25 миллион тонна астықтың бұзылуына алып келуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар халықаралық келісімдердің бұзылуына назар аударды. Парламент мүшелері бұл мәселеге қатысты үкіметке бірнеше ұсыныспен хат жолдады.

Осы ретте мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров отандық астықтың экспорты үшін Ресейден басқа логистикалық бағытты іске қосуды ұсынды.

"2024 жылдың 23 қыркүйегінен бастап Ресей Федерациясы Қазақстанның астығы мен ауылшаруашылығы өнімдерінің Ресей аумағы арқылы өтуіне біржақты шектеулер енгізді. Осы теріс шешімнің нәтижесінде астыққа, дән өнімдеріне, күнбағыс тұқымына, қызанақ, бұрыш және басқа да өнімдерге фитосанитарлық сертификат беру тоқтатылды. Халықаралық келісімдер жайына қалды. Нәтижесінде осындай кедергілер біздің елдің ауылшаруашылығы саласына, жалпылай алғанда экономикамызға салмақ салып отыр. Қазақстандық экспорттаушылар үлкен шығынға ұшырады, вагондар тоқтап қалды, өнімдерді жеткізу мерзімі өтіп жатыр", – деді депутат.

Депутаттың сөзінше, жалпы алғанда келісімшартта көрсетілген міндеттемелер бұзылды. 

"Біздің елдің азаматтары сол үшін айыппұл арқалап, қарайған шығынға батып жатқан жайы бар. "Россельхознадзордың" осындай әрекеті биыл жинадық деп жар салған 25,2 миллион тоннаға дейінгі астықтың пайдасын экономикамызға тимеу қаупін төндіріп отыр", – деді мәжіліс депутаты.

Тағы да сападан ұтылып, уақыт жоғалтамыз дейді Айдарбек Қожаназаров.

"Бұл асыра айтылған әңгіме емес, бірақ ала жаздай бел жазбай еңбек еткен диқандардың еңбегі зая кетудің алдында тұр. Қысқасы, "Россельхознадзор" енгізген шектеулері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың талаптарын бұзып тұр. Онымен қоймай Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы тауарлар мен транзиттің еркін қозғалысының басты принциптеріне қайшы келіп отыр", – деді Айдарбек Қожаназаров.

Депутат үкіметтен келесі мәселелер бойынша тез арада шешім қабылдауды сұрады.

"Ресей Федерациясымен ресми келіссөздерді бастау керек. Қазақстандық өнімнің транзитіне негізсіз фитосанитарлық шектеулер жойылсын. Егер "Россельхознадзор" бұл талабымызды орындаудан бас тартса, бұл мәселе Еуразиялық экономикалық одақтың сот алқасында қаралуы қажет. Олай болса біз де қарап отырмайық. Тәуелсіз елміз, өз билігіміз өзімізде. Ендеше Қазақстан арқылы өтетін ресейлік өнімдердің транзитіне тарифтерді қайта қарау керек. Керек болса жоғарыдағы мәселелер шешілгенге дейін көрші елдің тауарларының Қазақстан нарығына кіруін шектеу сияқты қарсы шараларды енгізу қажет. "Россельхознадзордың" әрекеттерінен зардап шеккен қазақстандық экспорттаушылар бар. Өз азаматтарымыздың мүддесін заңмен қорғауды қамтамасыз етуіміз керек. Жетпей қалған тауарлардың кідірісі мен бұзылуына байланысты шығындарды өтеу үшін ресейлік серіктестерге талап қойылсын", – деді мәжілісмен депутаттық сауалында.

Айтуынша, Қазақстандық өнімнің экспорты үшін басқа да логистикалық бағыттарды іске қосу қажет. Мысалы, Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран және Түрікменстанның қатысуымен тасымалдауды ұйымдастыру қажет деді ол.

"Керек болса өнім тасымалы үшін субсидия қарастырыңыздар. Бұл Ресейлік транзитке тәуелді болудың жолын кеседі. Қытаймен ынтымақтастықты жандандырып, Қазақстан астығы мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға арналған квоталарды ұлғайту мәселесін қарау қажет", – деді Айдарбек Қожаназаров.



Еске салайық, бұған дейін ұлтық статистика бюросы қаңтар-тамыз айларында Ресейден 11,2 миллиард доллардың тауарлары әкелінгенін мәлімдеді. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды өсім 2,1% немесе 231,9 миллион долларға тең. Әсіресе металдар және одан жасалған бұйымдар, машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар көбірек әкелінген.

Талқылау