Ресей Қазақстан мұнайын пайдаланып, Еуропаны энергетикалық қарумен қорқытқысы келеді - Bloomberg
Ресей батыс елдеріне қарсы жауап берудің тағы "бір айласын" тапты, деп жазады Bloomberg сайты. Ол Қазақстаннан келетін мұнай ағынын бөгеп, қара алтын бағасының одан әрі өсуіне қолдан жол ашуы мүмкін. Бір айта кетерлігі, Ресейдің өзі бұдан еш зиян көрмейді.
КТК құбыры арқылы айдауды тоқтату Ресейге ешқандай зиян әкелмейді. Ал Еуропа күніне миллион баррель мұнай жоғалтуы ықтимал.
Ресей президенті Владимир Путин Украинаны қолдаған Еуропа елдеріне ықпал ету үшін Қазақстан мұнайын құрал етіп пайдаланбақшы.
Ресей мұнайына қарсы салынған санкциялар 5 желтоқсанда күшіне енеді. Қазіргі уақытта "Жетілік ұйым" мүшелері ресейлік мұнай экспортына шекті баға енгізу туралы ұсынысты қарастырып жатыр. Сол себепті Путин алдын ала жауап дайындап отыр. Сейсенбі күні Каспий құбыр консорциумы Новороссийскідегі сот құжаттық экологиялық бұзушылықтар анықталғаннан кейін компанияның қызметін 30 тәулікке тоқтата тұру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген.
Ресей бұл әрекетімен қазақ мұнай тасымалын тоқтатып, Мәскеу басқа елдерге жеткізуді жалғастыра алады.
КТК мұнайының үштен екісі Солтүстік Африка елінен экспортты екі есеге қысқартқан Ливиядағы тұрақсыздыққа байланысты жеткізу қиындығымен бетпе-бет келген Еуропа нарықтарына жіберілуі керек еді. Оның үстіне Ресей мұнайын бұрын сатып алғандар қазір одан бас тарта бастады.
- "Саяси астары болуы екіталай": Кремль Қазақстанның мұнай экспортының жаңа бағыттарын іздеу жөніндегі жоспарларына түсінік берді
- Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай штатты режимде экспортталып жатыр - Министрлік
- Каспий Құбыр консорциумының тоқтауы Ресейдің құбырды иемденуге әрекет жасағанын білдіруі мүмкін – Сарапшы
КТК мұнай құбыры 20 жылдан ешқандай қиындықсыз жұмыс жасап келді. Бірақ Ресей Украинада арнайы операцияны бастап, Еуропа елдері Киевке көмек пен қару-жарақ жеткізе бастағанда, бұл мұнай құбыры жиі жабыла бастады.
Наурыз айында қатты соққан дауыл екі мұнай қалқымасын зақымдап, бірнеше апта бойы бүкіл терминалды тоқтатты. Кедергі сәуір айында да болды. Мамыр айында тыныш болғанымен, маусым айында теңіз түбін зерттеу кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс минасы табылып, екі-үш танкерден мұнай тасымалдауды тағы да тоқтатты. Осы кедергілерден кейін жұмыс қайта жандана бастағаны сол еді, тағы қиындыққа тап болды.
Ресей Федерациясы премьер-министрі орынбасарының бұйрығымен қауіпті өндірістік объектілердің техникалық жағдайына тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде "мұнай төгілуіне қарсы іс-қимыл жоспары бойынша бірқатар құжаттық бұзушылықтар" анықталды, делінгне КТК ресми сайтының жариялаған мәлімдемесінде. Компанияларға 30 қарашаға дейін анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілгенімен, жергілікті сотқа жіберілген бұзушылықтар үшін жаза ретінде жөнелту жұмысын тоқтатуды талап етіп арыз берілген.
Егер КТК-ның мұнай экспорты бойынша жұмысы тоқтатылса, бұл ресейлік мұнай экспортына ешқандай әсер етпейді. Ресейлік мұнай консорциум көлемінің 10%-ын ғана құрайды және оны жөнелту айлақтарына түсіруге болады. Ең елеулі шығынды осы құбыр арқылы экспорттық көмірсутектердің 80%-ға жуығын айдайтын және мұндай тәуелділіктен арыла алмай отырған Қазақстан тартады.
Күніне бір миллион баррель мұнайдан айырылу Еуропаға да үлкен соққы болады. КТК мұнай құбырының жұмысын аз уақытқа болса да тоқтата отырып, Ресей онсыз да жоғары мұнай бағасының одан әрі өсуіне арандату арқылы батысты жазалай алады. Сонымен бір уақытта ол экспорт арқылы мемлекет кірісін де ұлғайта алады.