Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел күйеуі жіберген видео үшін айыппұл арқалады

Әйел TikTok желісінде студенттердің кетіп бара жатқан видеосын "Ресей халқы Орал қаласына қашып келуде" деп жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тамыздың соңында түнде ондаған адамның үш автобустың маңына жиналып қалған видеосы пайда болды. Олар педагогикалық институт аялдамасында тұрған. Видео авторы болып жатқан жайтқа түсініктеме беріп, бұлар соғыстан қашып, Оралға көшіп бара жатқан ресейліктер екенін айтады.

Одан кейін Батыс Қазақстан полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпараттың жалған екенін хабарлады.

“26 тамызға қараған түні Оралға Ресейден босқындар үш автобуспен келгені туралы видео қызу тарап жатыр. Көрсетілген мәлімет шындыққа жанаспайды. Олар – БҚО-ның мектеп бітіріп, Ресейге оқуға түскен талапкерлері. 135-ке жуық студент Қазан қаласына аттанады”, – делінген ведомствосында.

Осыдан соң полицейлер видеоның авторын тауып алған. Осылайша әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сот Орал тұрғынын жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

“Бұл видеоны бір ер адам түсіріп алған, ол адамдардың жиналу себебін білмей, Ресей азаматтарының Қазақстанға қашып бара жатқанын айтып, видеоны WhatsApp арқылы әйеліне жіберген. Әйел осы видеоны TikTok-қа салған. Сотта ол өз кінәсін толық мойындап, видеоны өшірді. Полицейлер оған түсіндіру жүргізген. Сот әйелге 73 840 теңге көлемінде айыппұл салды", – делінген БҚО сотының хабарламасында.

Ведомство қазақстандықтарға ақпаратты таратпастан бұрын оның дұрыстығын тексеру қажет екенін еске салды.

Талқылау