Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей билігі адам өлтіру және каннибализм үшін сотталған адамды Украинадағы соғысқа жіберу үшін түрмеден босатып жіберген

Кем дегенде төрт адамды өлтірді және каннибализм жасады деп айыпталып, 22 жылға сотталған Сахалин облысының тұрғыны Денис Горин түрмеден босатылып, Украинадағы соғысқа аттанған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Сахалин соғысқа қарсы” Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Денис Горин

Сибирь.Реалии басылымына сұхбат берген көршісінің сөзінше, қазір Горин орташа жарақатпен Южно-Сахалинск қаласындағы ауруханада жатыр. “Оны бостандықта дей берсе болады, жазасын оп-оңай кешіре салды”, – дейді ол.

Горин алғаш рет 2003 жылы өлтірілген адамның денесін мазақ еткені және өлтіргені үшін қатаң режимдегі колонияда 10 жылға сотталған. Жеті жылдан кейін ол жақсы мінез-құлқы үшін шартты түрде босап шығады.

2011 жылдың маусымында ағайынды Денис пен Евгений Гориндер ер адамды аяусыз соққыға жыққан. Жәбірленуші ес-түссіз жатқанда Евгений Горин оны пышақтаған. 2012 жылдың қаңтарында ағайынды Гориндер тағы бір адамды өлтірді.

2012 жылдың жазында Денис Горин жасаған төртінші кісі өлтіру қылмысы ашылды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2010 жылдың қарашасында алдымен ер адамды өлтіріп, кейін мәйіттің аяғынан ет турап, оны тоңазытқышқа салып, кейін жеген. Сот Денис Горинді ерекше режимдегі колонияда 22 жылға бас бостандығынан айырды.



Ал бір ай бұрын Гориннің әлеуметтік желідегі парақшасында жеңінде Z символы бар әскери киімдегі жаңа сурет пайда болды.

Айта кетейік, Ресейде Украинамен соғыс басталғалы кісі өлтіргендер, адам зорлағандар және басқа да ауыр қылмыстар үшін сотталғандар жүйелі түрде босатылып келеді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстары наразылық білдіруде, бірақ нәтиже жоқ.

Қараша айына дейін журналистердің болжамы бойынша, Ресей президенті Владимир Путин бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған кем дегенде 17 адамға рақымшылық жасаған. Олардың барлығы Украинадағы соғысқа қатысып, майданнан бостандыққа оралды. Кейбіреулер жаңа қылмыс жасап та үлгерген.

Талқылау