Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей бидайын қазақстандық өнім деп атап, үш елге экспорттаған

Қазақстандық бидай атын жамылып, Ресей бидайын заңсыз әкелу схемасы анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Ресей бидайын қазақстандық өнім атын жамылып, ресми келісімдер бойынша заңсыз әкелу схемасын Павлодар облысы бойынша Қаржы мониторингі департаменті анықтады", - деді Қаржы мониторингінің баспасөз қызметі. 

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған.

Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

"Адал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында бидай өткізуге байланысты жалған шот-фактураларды заңсыз беру фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде", – деп толықтырды баспасөз қызметі.

Мәліметтерге сәйкес, соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Талқылау