Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей бидайын импорттауды шектеу мерзімін ұзарту – AMANAT-та шаруаларды қолдау амалдары талқыланды

"AMANAT" партиясы Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық филиалдарының жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту жөніндегі аймақтық кеңестердің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында кәсіпкерлік саласына қатысты өңірлерде қордаланып қалған түйінді мәселелер талқыланды.

Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, салалық ведомстволардың вице-министрлері, "Атамекен" ҰКП өкілі және бизнес қауымдастықтардың басшылары қатысты. Ал өңір азаматтары отырысқа бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.
Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Ресейден жеткізілетін импорттық тауарлардың саны күн санап артып бара жатқанын алға тартты. Атап айтқанда, биылғы сәуір-тамыз аралығында арпа, кебек, зығыр, күнбағыс, жұмыртқа, қант, өсімдік майы елімізге көптеп жеткізілді. Алайда, импорт тауарлардың орташа өзіндік құны да айтарлықтай төмендегені байқалады.

"Бұған ресейлік тауарлар үшін сыртқы нарықтың тарылуы мен рубль бағамының теңгеге теңгерімінде төмендеуі себеп болып отырғаны анық. Бұл өз кезегінде, ресейлік тауарларға деген сұраныстың арта түсуіне себеп болды. Ал біздің елімізде азық-түлік тауарларын өндіруге қажет құрамдас бөліктердің құны өсуде. Яғни, қарыз мөлшерінің, электр қуатының, жанар-жағармайдың, тұқымның, ауыл шаруашылығы техникасының құны, өсімдіктерді қорғау амалдарының шығыны, жем-шөп бағасы аталған елмен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Отандық өндірушілер арзан импорттан қорған болмай отырғанына қынжылады. Түптеп келгенде, мұның бәрі бәсекелестікке де кері әсер етуде", – деді Эльдар Жұмағазиев.

Қазақстан нарығындағы Ресей өнімі отандық тауар өндірушілерді тығырыққа тіреп тұрғаны анық байқалады. Мәселен, Қостанай облыстық партия филиалының өкілі Данияр Нұрпейісовтің айтуынша, еліміздегі сүт зауыттары қазақстандық кәсіпкерлердің өнімін сатып алудан бас тартып жатыр. 

"Елімізге көрші Ресейден тауар, азық-түлік, оның ішінде ауыл шаруашылығы шикізатын жеткізу үрдісі үдеп барады. Мысалы, біздің сүт өндіретін зауыттар отандық жеткізушілерден шикізат сатып алудан бас тартуда. Бұған көрші мемлекеттен жеткізілетін сүттің бағасы айтарлықтай арзан болуы себеп болып отыр. Осы мәселені назарға алып, тиісті шешім қабылдауларыңызды сұраймын", – деді ол.

Өкінішке қарай, отандық нарықта орнаған жағдай сүт өнімдерімен шектелмей отыр. Еліміздің астық өндірушілері де тұйыққа тап болғандарын айтып, дабыл қағуда. "Қазақстанның астық одағы" ЗТБ төрағасы Нұрлан Оспановтың айтуынша, барлық елде алдымен отандық астық өндірушілері қорғалады.

"Әлемде астық бағасы құлдырап кеткен жағдайда, өзге елдердің үкіметтері ішкі бағаны отандық астық өндірушілер үшін қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін импортты шектеу жөнінде шара қабылдайды. Өкінішке қарай, бізде отандық тауар өндірушілерді қорғайтын осындай шара қабылданбай отыр. Ресей астығы арзан бағамен Қазақстанға импортталып жатыр. Заңсыз жолмен жеткізіліп жатқан астық та бар. Оны тәптіштеп қадағалап, бақылап жатқан ешкім жоқ. Сапасы арнайы сараптамадан өтпеген дәнді-дақылдар түптеп келгенде халықтың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан, дәл осы жылы отандық астық өндірушілерді қорғайтын шара қабылдау қажет-ақ", – деді Нұрлан Оспанов.

Бұл ретте, бірлестік төрағасы Ресейден жеткізілетін жұмсақ бидайды жүк көлігімен тасымалдауға 10 қазаннан бастап шектеу қою мерзімін ұзартуды, 1 қыркүйектен бастап жұмсақ бидай мен күнбағыс дәнін жүк көлігімен тасымалдау арқылы экспорттауды тоқтатуды ұсынды. Яғни, Нұрлан Оспановтың айтуынша, елімізге жеткізілетін астық импортын тоқтату үшін, алдымен экспорттың жолын кесу қажет. 

"Еліміздің солтүстік өңіріне жүк көліктері арқылы импортталған астық кейін вагондарға тиеліп, оңтүстік аймақтар арқылы өзге елдерге экспортталады. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап бидай мен күнбағыс дәнін импорттауға тарифтік емес квоталар енгізу қажет. Квота көлемі әрбір алушы үшін оның астықты өңдеу немесе құс жұмыртқасын (етін) өндіру жөніндегі паспорттық қуатының 30%-нан аспайтын есебінен айқындалуға тиіс. Ал ауыл шаруашылығы шикізатының қалған көлемін мұндай кәсіпорындарды ішкі нарықтан сатып алуға міндеттеу керек", – деді Нұрлан Оспанов.

Бұл ретте, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Шәймерден Ахметов импортқа тыйым салу үшін белгілі бір негіздеме болу керек екенін айтты.

"Ресейдің арзан өнімі жаппай импортталып жатқанын біз де біліп отырмыз. Оның өзіндік себебі де бар. Біз бұған шектеу қою үшін барлық шараны қабылдап жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, бидайды елімізге жүк көлігімен тасымалдауға қатысты шектеу қойылды. Іле-шала сүт, қант өнімдерін де көлікпен тасымалдауға тыйым салу талап етілуде. Алайда, біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Астық импортына шектеу қойған кезде оған нақты негіздемелер болды. Заң бұзу фактілері тіркелді. Экспорттық, кедендік баждарды төлеуден жалтару оқиғалары орын алды. Егер сүт немесе өзге де өнімдер импортына қатысты нақты негіздеме болса, тиісті шара қабылданатыны анық", – деді департамент өкілі.

Осы орайда, "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов мәселенің мәні мен маңызына қарамастан, оны бірлесіп шешуге даяр екенін алға тартты.

"Еуразиялық Экономикалық Одақ келісіміне сәйкес, қандай да бір шектеу шараларын қабылдауға тыйым салынған. Алайда демпинг, яғни тауарлар мен қызметтерді жасанды төмен бағамен сату фактілері анықталған жағдайда оның алдын алуға болады. "Атамекен" ҰКП-ның бұл бағытта бірқатар тәжірибесі бар. Сондықтан, біз бұл мәселені көтеріп, Сауда және интеграция министрлігімен бірге ортақ шешімді қарастыруға дайынбыз", – деді Тимур Жаркенов.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, "AMANAT" фракциясының мүшесі Альберт Рау Қазақстан нарығындағы қазіргі жағдайға атүсті қарауға болмайтынын және ел экономикасына тиімді шара қабылдау қажет екенін айтты.

"Ресей астығының елімізге жүк көлігімен тасымалдауына қатысты шектеу тек заңға қайшы әрекеттер анықталғаннан кейін барып қойылды. Қазақстанға импортталған астықтың нақты көлемін әлі де білмейміз. Сондықтан, отандық астық өндірушілердің алаңдауына толық негіз бар. Көрші елдің диқандары мол өнімге кенелген сайын қазақстандық шаруалардан ұйқы қашады деген сөз. Бұл қауіп алдағы уақытта да сейілмейді. Сондықтан, мәселеге көз жұма беруге болмайды. Дауласудың да, сөз таластырудың да қажеті жоқ. Мәселенің мән-жайын бәріміз көріп, біліп отырмыз. Енді аз уақытта қандай да бір нақты шара қабылдау керек", – деді депутат.

Бей-берекет импорттан зардап шегіп отырған тағы бір сала – отандық қаптама өндірісі. "Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығы" ЗТБ және "Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы" ЗТБ директоры Батырбек Әубәкіров еліміздегі тауар өндірушілер отандық өнімді қымбатсынып, Ресейдің арзан қаптамасына бет бұра бастағанын айтып отыр.

"Қалыптасқан жағдайға байланысты, ішкі нарықты қорғау шаралары ауадай қажет. Азық-түлік өндіретін еліміздегі ірі компаниялар отандық қаптамалардан бас тартып, Ресейдің өніміне ойыса бастады. Мемлекет қолдауын көріп отырған қазақстандық азық-түлік өндірушілері қаптаманы шетелден сатып алып, өзге елдің экономикасын жарылқап жатқаны қаншалықты әділетті? Жалпы, Қазақстанда өндірілген тауардың қаптамасы да отандық өнім болуы керек емес пе? Мұны заңмен немесе қандай да бір құқықтық актілермен бекіту қажет. Биыл сәуір айынан бері импортқа шектеу қойылмауының кесірінен отандық нарықтың 38%-нан айырылдық", – деді Батырбек Әубәкіров.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев ведомство бірқатар сертификаттауларды жолға қойғанын, соның нәтижесінде нарықта "Қазақстанда жасалған" белгісі бар тауарлар пайда болғанын алға тартты.

"ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смаиловтың тапсырмасы бойынша, осы сертификаттауларға балама негізінде Қазақстанда жасалған тауарлардың реестрін жасауы мүмкіндігі қарастырылуда. Яғни, отандық тауар өндірушілер аталған реестрге өтуі үшін коопертивтік қағиданы ұстануы тиіс болады. Бұл қағидаға тек отандық қаптамаларды пайдалануды міндеттеу мәселесін қарастыруға дайынбыз. Яғни бұл мәселені заңға өзгерістер енгізіп, тиісті шара қабылдау арқылы шешуге болады", – деді вице-министр.

"AMANAT" партиясы Үкіметпен бірге жүзеге асырып келе жатқан "Ауыл аманаты", "Жер аманаты" жобаларына қатысуға қызығушылық танытқан тұрғындардың саны артып келеді. Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дулат Сердәлінің айтуынша, партиялық жобаға ауыл тұрғындарымен қатар, кент және шағын қала тұрғындары да қатысуға ниетті.

"Ауыл аманаты" бағдарламасы Ақмола облысында алғаш рет жүзеге асырылып жатыр. Соған қарамастан, партиялық жобаға қатысуға тілек білдіріп отырған ауыл тұрғындарының саны аз емес. Тіпті, Краснояр, Степногорск, Қосшы сынды шағын қалалардың тұрғындары да аталған бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алғысы келеді. Алайда, жоба ауыл тұрғындарына ғана арналғандықтан, қалалық азаматтарда ондай мүмкіндік болмай отыр. Кент тұрғындары да сондай хәлде. Осы мәселеге назар аударсаңыздар дейміз", – деді ол.

Сондай-ақ, жиын барысында ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау кезіндегі кедергілер, туризм саласын дамыту, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жетіспеушілігі, битум тапшылығы, газдандыру және т.б. мәселелері көтерілді.
Кеңес жұмысы мұнымен түйінделмейді. Алдағы уақытта да өзге өңірлердің кәсіпкерлері қамтылып, бизнес қауымдастығын толғандырған мәселелер тыңдалады. 

Талқылау