Ресей аумағында қазақстандықтардың жеке деректері желіге тарап кетті
Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов Ресей аумағында қазақстандықтардың ұшақ сапарына қатысты деректері желіге тарағанын растады. Ол бұл жағдайға отандық әуекомпанияларының қатысы жоғын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Рixabay.com
Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі болған жағдайға байланысты Роскомнадзордан ақпарат сұратты.
“Қазақстандықтардың жеке деректері Ресей аумағында тарап кеткен. Бұл біздің әуекомпанияларымыздың кінәсі емес. Олар да жеке деректер тарап кеткен қазақстандық азаматтар секілді жәбірленуші. Цифрландыру министрлігі Роскомнадзорға хат жолдап, қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы ақпарат сұратты. Ресей Федерациясының заңнамасы бойынша да бұл да қылмыс және заң бұзушылық болып саналады”, – дейді Руслан Әбдіқалықов.
Сондай-ақ ол жеке дектердің желіге тарап кетуіне байланысты талдау жүргізілетінін атап өтті. Жақында осыған қатысты қазақстандықтарға eGov арқылы ақпарат хабарландыру жіберіледі.
“Біз тапқан қазақстандықтарға желіге тарап кеткен жеке деректерін, атап айтқанда , тегі, аты-жөні, құжат нөмірі жібереміз. Егер азаматтар әуе компаниясының үстінен шағым түсіргісі келсе, біз арызды қабылдаймыз. Компанияларды тексереміз. Бәлкім, біздің авиакомпаниялар да кінәлі шығар, бірақ қазір нақты ештеңе айта алмаймыз”, – дейді министрлік өкілі.