Рекорд жаңартты: Алматы мектептерінің бірінде 1 "Ю" сыныбы ашылды
Алматыдағы №157 жалпы білім беретін мектепте 1 "Ю" сыныбы ашылды. Оқу ордасы бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны бойынша рекорд жаңартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мектеп Алматы қаласының Наурызбай ауданында орналасқан. Биыл мектепте бірінші сыныпқа 714 оқушы қабылданды. Дәстүрлі форматта оқу кезінде сыныптағы бала саны 25 оқушыдан аспауы қажет екені ескеріліп, мұнда 28 сынып ашылған.
"Alma City, BI Group және "Шұғыла" жаңа ықшам аудандарының салынуына байланысты мектепте сынып саны артты", – деп хабарлады білім басқармасы.
Ал мектеп 1 540 оқушыға лайықталған. Қазір №157 жалпы білім беретін мектепте 1-11 сыныпқа дейін 4 862 адам оқиды.
"Мектеп бойынша 1-ден 11-ге дейін 185 сынып бар. Ата-аналардың өтініші бойынша 1 118 оқушы онлайн оқытуға көшті. Дәстүрлі форматта 177 сынып екі ауысымда білім алады. Бірінші ауысымда 88 сынып, екінші ауысымда 89 сынып бар", – делінген хабарламада.
Мектепте 95 кабинет бар. Бұл Қазақстанның бас санитар дәрігері белгілеген барлық санитарлық норманы сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласынан 20 шақырым жердегі Қосшы қаласындағы №2 мектепте 1 "Ы" сыныбы ашылғаны белгілі болды. Мұнда бірінші сыныпқа 700-ден астам бала қабылданған.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
