87,15%-ы қолдаған: Референдумның алдын ала қорытындысы жарияланды

Орталық референдум комиссиясы Конституцияны өзгертуге қатысты өткен референдумның алдын ала нәтижесін жариялады. Дауыс берушілердің 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс берушілердің 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдаған. Ал 898 099 адам “Жоқ, қабылдамаймын” деп дауыс берген.
Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 12 миллион 482 мың 613 адам. Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар ішінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 9 миллион 127 мың 192 адам немесе 73,12% болды. Референдумда Конституцияны қолдап, дауыс берген азаматтардың саны 7 миллион 954 мың 667 адам немесе 87,15% болды.
Берілген дауыс санын есептеу кезінде 146 558 дана жарамсыз бюллетень анықталған. Ал жарамды, бірақ есепке алынбаған бюллетеньдер саны – 127 868 дана.
Тоқаев 15 наурызды Конституция күні деп жариялап, жазда Парламент сайлауы өтетінін айтты
15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ бүгін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды.
Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.
“2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда Еуразиялық интеграция институты Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Exit poll – референдум учаскілерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама жүргізді. Сауалнама 200 референдум учаскісін қамтыды, оның ішінде 129 – қалаларда, 71 – ауылдық жерлерде орналасқан. Сауалнамаға барлығы 30 мың респондент қатысты, оларға арнайы даярланған интервьюерлер face-to-face әдісімен сұхбат жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды”, – делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды.
“Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын”, – деді мемлекет басшысы.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?