Референдумға қатысты сауалнама жүргізген екі қазақстандыққа айыппұл салынған: Бас прокуратура ескерту жасады

Бас прокуратура республикалық референдумге қатысты қоғамдық сауалнама жүргізу тәртібіне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, республикалық референдумға байланысты қоғамдық сауалнама “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” заңында белгіленген талаптарға сәйкес, дайындық пен өткізу кезеңінде жүргізілуге тиіс.
БАҚ, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірді анықтау үшін жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялаған кезде сауалнаманы жүргiзген заңды тұлғаны, тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауалнама жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауалнамаға қатысқандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
“Қоғамдық пікірге сауалнаманы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық сауалнама жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ сауалнама нәтижелерiн дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға тыйым салынады. Оған қоса сайлау күнi дауыс беруге арналған учаскеде сауалнама жүргізуге де тыйым салынады.
“Бұл талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы арада бүгінгі күні 4 бұзушылық анықталды, оның ішінде республикалық референдумға қатысты заңсыз сауалнама жүргізудің 3 дерегі және сауалнама қорытындыларын тиісті деректемелерсіз жариялаудың 1 дерегі тіркелген”, – делінген хабарламада.
Аталған деректер бойынша екі азамат пен бір заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады (жеке тұлғаларға – 15 АЕК (64 875 теңге), заңды тұлғаға – 30 АЕК (129 750 теңге).
Бас прокуратура азаматтарды, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын республикалық референдумға дайындық және оны өткізу кезінде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырды.