"Екі арыз сотқа жетті": Орталық референдум комиссиясы қай өңірден қанша шағым түскенін айтты

Қазақстанда республикалық референдум күні сотқа екі талап-арыз түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілованың мәліметінше, екі өтініш те сотта қаралғанымен, талапкерлердің уәждері расталмаған.
“Талап-арыздардың бірі, Ақтөбе облысында дауыс беру учаскесінде Брайль қарпімен жазылған трафареттің оқылмауына қатысты болған. Екіншісі, Астанадағы учаскелік комиссияның бақылаушыны учаскеден шығару туралы шешіміне байланысты берілген. Істерді қарау қорытындысы бойынша соттар талаптарды қанағаттандырудан бас тартқан”, – дейді Жанәбілова.
Жанәбілованың айтуынша, жалпы дауыс беру күні 35 өтініш түскен.
“Түскен өтініштер республикалық референдум туралы заңнаманы түсіндіру, референдумның мәні, ұйымдастыру мәселелері, соның ішінде учаскелік комиссиялардың жұмысы мен шетелдегі дауыс беру, референдумға қатысы жоқ өзге де мәселелерге қатысты болды”, – деді ол.
Барлық өтініштер бойынша түсіндірме берілген. Олардың бір бөлігі аумақтық комиссияларға және тиісті органдарға жолданған.
Аумақтық комиссиялардың мәліметінше, ең көп өтініш:
- Астанада тіркелген – 11;
- Алматыда – 6;
- Маңғыстау облысында – 4.
- Шымкент қаласы, Абай және Қызылорда облыстарында – 3 өтініштен;
- Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Павлодар облыстарында – 1 өтініштен түскен.
“Өтініштер референдумның мәні, дауыс беру процесі, учаскелерді өзгерту, дауыс беру құқығын куәландыратын құжаттарды алу, учаскелердің орналасуы, дауыс беру күніндегі ықтимал заңбұзушылықтар туралы болды. Аумақтық комиссиялар қолданыстағы заңнамаға сәйкес 33 өтінішке жауап берді”, – деді Жанәбілова.
Комиссия мүшесі барлық өтініш белгіленген тәртіппен қаралғанын айтты. Сонымен қатар түскен өтініштер мен жекелеген ескертулер референдум барысына және оның қорытындысын шығаруға айтарлықтай әсер етпегені айтылды.
Мән-жай
15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ бүгін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды.
Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.
“2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда Еуразиялық интеграция институты Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Exit poll – референдум учаскілерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама жүргізді. Сауалнама 200 референдум учаскісін қамтыды, оның ішінде 129 – қалаларда, 71 – ауылдық жерлерде орналасқан. Сауалнамаға барлығы 30 мың респондент қатысты, оларға арнайы даярланған интервьюерлер face-to-face әдісімен сұхбат жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды”, – делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды.
“Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын”, – деді мемлекет басшысы.
Ал 17 наурыз күні референдумның соңғы нәтижесі жарияланып, Жаңа Конституцияға қазақстандықтардың 87,15%-ы дауыс бергені анықталды.
Қазақстан әуежайлары қандай заңдарды бұзды және оларды қалай жазалады