Референдум кезінде ереже бұзған бір бақылаушының үстінен сотқа шағым түскен

Орталық сайлау комиссиясы референдум кезінде азамат қандай жағдайда учаскеден шығарылатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Орталық референдум комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік түсіндірді.
“Бұл да заңнамамен нақты реттелген. “Сайлау туралы” заңның 39-бабының 2-тармағына сәйкес, дауыс беру өтетін ғимаратта жүрген барлық адам сайлау комиссиясы белгілеген тәртіпті қатаң сақтауға міндетті. Бұл жағдайда дауыс беру учаскесіндегі негізгі жауапты тұлға учаскелік комиссияның төрағасы. Заңға сәйкес, төраға дауыс беру бөлмесінде бір мезетте қанша сайлаушының болатынын реттейді, тәртіпке жауап береді және заң бұзған немесе дауыс беру процесіне кедергі келтірген кез келген адамнан тәртіп сақтауды талап етуге құқылы”, – деді Ләззат Сүйіндік.
Ләззат Сүйіндіктің пікірінше, бақылаушыкелген кезде алдымен учаскедегі тәртіп ережелерімен таныстырылады.
“Мұның бәрі заңмен реттелген. Бақылаушы келген кезде алдымен учаскедегі тәртіп ережелерімен таныстырылады. Бұл ережелер арнайы стендте ілулі тұрады. Бақылаушылар сол ережелермен танысқанын растап, қол қояды. Егер комиссия мүшелері бірлесіп, бақылаушы немесе басқа тұлға заңды бұзып отыр немесе дауыс беру процесіне кедергі келтірді деген шешімге келсе, олар оны учаскеден шығарып жіберуге құқылы”, – деді Орталық референдум комиссия мүшесі.
Сонымен қатар ол заң бұзуға қатысты сотқа бір шағым түскенін айтты.
“Мысалы, 18 наурыздағы жағдай бойынша заң бұзуға байланысты сотқа тек бір ғана шағым түскен. Сот бұл шешімнің негізді екенін растады. Заңға сәйкес мұндай шағымдар сотта жедел, жеделдетілген тәртіппен қаралады. Жалпы алғанда, 10 380 учаскеде жұмыс істеген 47 мың бақылаушының ішінде бар болғаны алты адам ғана учаскеден шығарылған. Олардың біріне қатысты шешім сотта қаралып, заңды деп танылды”, – деді Сүйіндік.
Сонымен қатар ол бастысы заңды бұзбау және дауыс беру процесіне кедергі келтірмеу екенін айтты.
Мән-жай
15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ бүгін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды.
Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.
“2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда Еуразиялық интеграция институты Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Exit poll – референдум учаскілерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама жүргізді. Сауалнама 200 референдум учаскісін қамтыды, оның ішінде 129 – қалаларда, 71 – ауылдық жерлерде орналасқан. Сауалнамаға барлығы 30 мың респондент қатысты, оларға арнайы даярланған интервьюерлер face-to-face әдісімен сұхбат жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды”, – делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды.
“Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын”, – деді мемлекет басшысы.
Ал 17 наурыз күні референдумның соңғы нәтижесі жарияланып, Жаңа Конституцияға қазақстандықтардың 87,15%-ы дауыс бергені анықталды.
Қазақстан әуежайлары қандай заңдарды бұзды және оларды қалай жазалады