Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Референдум Қазақстан үшін жаңа тарихи кезеңді ашады – Өзбекстан ОСК төрағасы

Өзбекстан бақылаушы

Қазақстанға халықаралық бақылаушы ретінде келген Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев референдумға дайындық пен дауыс беру барысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, делегация жұмысын елге келген бойда, яғни кеше бастаған.

“Біз кеше келдік. Келгеннен кейін бірден референдум өткізу жөніндегі Орталық комиссияның төрағасымен және мүшелерімен екіжақты кездесу өткіздік. Дайындық барысына қатысты барлық сұрағымызға жан-жақты жауап алдық”, – деді ол.

Бақылаушы өзбекстандық тарап науқанды ұйымдастырудың барлық кезеңіне, сондай-ақ қысқа уақыт ішінде атқарылған жұмыстарға ерекше назар аударғанын атап өтті. Оның сөзінше, осы кездесудің өзінде делегация ұйымдастырушылардың дайындық деңгейі туралы нақты түсінік қалыптастырған.

“Әріптестеріміз барлық сұраққа толық жауап берді. Сол себепті референдумды өткізуге жауапты топтың толық дайын екеніне көз жеткіздік”, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Зайниддин Низамходжаев бүгінгі дауыс берудің ел үшін маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, бұл референдум – Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды оқиға.

“Бүгін өтіп жатқан референдум – Қазақстан үшін жаңа тарихи белес, елдің жаңа болашағының бастауы”, – деді ол.

Көп жылдан бері сайлау жүйесінде еңбек етіп келе жатқан маман ретінде ол жүргізілген дайындық жұмыстарының ауқымы мен сапасының айқын көрініп тұрғанын ерекше атап өтті.

“Сайлау комиссиясының басшысы ретінде әріптестеріміздің өте ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізгені мені қуантады. Бұл бүгін анық көрініп тұр, ал біз соның куәсі болып отырмыз”, – деді Зайниддин Низамходжаев.

Бақылаушының айтуынша, учаскелерді аралау барысында делегация комиссиялардың ұйымдасқан жұмысын ғана емес, азаматтардың белсенді қатысуын да байқаған. Оның сөзінше, учаскелердегі жалпы ахуал да назар аудартқан.

“Сайлау комиссияларындағы жас мүшелер мен қоғамдық бақылаушылар бізді қуантады. Олардың белсенділігі жағымды әсер қалдырды”, – деді ол.

Өзбекстан өкілінің бағалауынша, күннің алғашқы жартысында-ақ сайлаушылардың белсенділігі айқын байқалған.

“Бізді қуантатыны – сағат 12-ге дейін бірнеше учаскені аралап үлгердік, сол уақытқа дейін сайлаушылардың 40 пайыздан астамы келіп, өз дауысын беріп үлгерген”, – деді ол.

Бақылаушы делегация тек сайлаушылардың келу көрсеткішіне ғана емес, барлық рәсімдердің сақталуына да ерекше назар аударғанын айтты. Оның сөзінше, учаскелерде халықаралық бақылаушылар комиссия өкілдеріне сайлаушылар саны, халықты хабардар ету тәртібі, сондай-ақ учаскеге өздері келе алмайтын азаматтар үшін дауыс беру қалай ұйымдастырылғаны жөнінде нақты сұрақтар қойған.

“Біз үшін қанша сайлаушы бар екені, оларды қалай хабардар еткені, мүгедектігі бар азаматтар мен сырқаттанып, үйінен шыға алмайтын адамдар үшін қандай жағдай жасалғаны маңызды”, – деп түсіндірді Зайниддин Низамходжаев.

Бақылаушы дауыс берудің қолжетімділігі мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, комиссия өкілдері алдын ала өтініш берген азаматтар үшін үйде дауыс беру қалай ұйымдастырылғаны туралы да мәлімет берген.

“Мысалы, бір учаскеде үш адам үйден дауыс беріп үлгерген – олар алдын ала өтініш тапсырған, бұл заңнамада қарастырылған. Ал кейбір учаскеде жеті адам. Тағы бір учаскеде 12 азамат үйде дауыс беру үшін өтініш бергенін өз көзімізбен көрдік”, – деді Зайниддин Низамходжаев.

“Оның пікірінше, бұл дауыс беру рәсімі әртүрлі санаттағы азаматтардың жағдайы ескеріліп ұйымдастырылғанын көрсетеді.
Яғни референдумды Қазақстан заңнамасының талаптарына сай өткізу үшін барлық жағдай жасалған”, – деп атады спикер.

“Жалпы дауыс беру барысына тоқталған Өзбекстан өкілі делегация бақылауы барысында ешқандай заңбұзушылық тіркелмегенін айтты.
Біздің байқауымызша, ешқандай заңбұзушылық болған жоқ”, – деді ол.

Сонымен қатар ол комиссия мүшелерінің бақылаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға ашық әрі толық жауап бергенін ерекше атап өтті.

“Айта кету керек, комиссия төрағасы, хатшылар және барлық комиссия мүшелері біз қойған сұрақтардың бәріне толық жауап берді”, – деді бақылаушы. 

Сөз соңында ол Қазақстан азаматтарына өз тілегін білдірді.

“Ақылды, парасатты қазақ халқына өз таңдауын жасауын тілеймін”, – деді Зайниддин Низамходжаев.

Назархан Уән
Жексенбі, 15 Наурыз, 2026 16:10