Қазақстандық биші Red Bull Dance Your Style-да өнер көрсетті: Лос-Анджелесте өткен фестиваль Stan.kz тілшісі көзімен
Фото: Red Bull
8-11 қазан аралығында Американың Лос-Анджелес қаласында Red Bull Dance Your Style әлемдік фестивалі өтті. Қазақстанның атынан Darren Pop лақап атымен танылған биші Дәурен Айжарықов бақ сынады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған ауқымды шараны Stan.kz тілшісі тамашалап қайтты. Фестивалге жиналған 10 мыңнан аса көрерменнің бишілердің талантын қалай бағалағанына куә болды.
Red Bull Dance Your Style әлемдік финалы
Red Bull Dance Your Style шарасы әлемдегі ең ірі фристайл би жарысы. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен келген бишілер бақ сынайтын халықаралық көше биі жобасы. Ерекше форматтағы жоба жыл сайын кеңейіп, әлемнің түкпір-түкпірінен өз жанкүйерлерін жинап жатыр.
Алғаш рет фестиваль 2019 жылы Париж қаласында өтіп, бүгінге дейін жалғасын тапқан. Ұйымдастырылып келе жатқанына алты жыл болған би фестивалі би мәдениетін, шығармашылықты және халықаралық бірлікті дәріптейтін үлкен мерекеге айналды. Апта бойы жалғасатын жоба барысында шеберлік сабақтары, панельдік талқылаулар, би перформанстары өткізіледі.
Фото: Stan.kz
Ал фестивал кезінде бәрі күтпеген жерден болады, яғни сахнаға шыққан бишілер қандай әуен қойылатынын алдын ала білмейді. Фанк, поп, рок, хип-хоп немесе олдскул секілді түрлі жанрдағы музыка кез келген сәтте қосылуы мүмкін. Ал бишілердің сахнадағы басты мақсаты өз техникасын көрсету. Сондай-ақ көрерменнің көңілін аулап, импровизация жасау. Ал оны көрерменнің қырағылықпен байқап, бағалай алуы маңызды. Себебі жарыста жеңімпазды қазылар алқасы емес, дәл осы көрермендердің дауысы шешеді.
Қазақстандық биші Darren Pop әлемдік сахнада бақ сынады
Биыл да Red Bull ауқымды шараны жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынын тағы бір дәлелдеді. Лос-Анджелесте өткен бұл жобаға әлемнің 48 елінен 51 биші қатысты. Ал 3 күнге созылған би жарысында 16 қатысушы финалға өтті. Ал Қазақстанның атынан Darren Pop лақап атымен танылған биші Дәурен Айжарықов бақ сынады. Би саласында 16 жылдан аса тәжірибесі бар Darren Pop өнерін жоғары деңгейде көрсетті.
Фото: Red Bull
Ол Лос-Анджелестегі әлемдік фестивалге қатысу үшін әуелі Қазақстанда өткен би додасында бақ сынаған. 12 шілдеде өткен Red Bull Dance Your Style Kazakhstan 2025 ұлттық финалында қарсыластарын жеңіп, Америкада өткен би жарысына жолдама алған. Ол сол кезде-ақ ерекше харизмасы және техникасымен көзге түсіп үлгерген. Осылайша, Қазақстан атынан Лос-Анджелестегі Red Bull Dance Your Style World Final додасында ел намысын қорғады. Ол бірінші кезеңде латвиялық Goshawty-мен бәсекеге түссе, екінші кезеңде филиппиндік Nemesis-пен жарысқа түсті.
"Бұл жолы Red Bull алғашқы тәжірибем болды. Бұған дейін екі рет ұлттық іріктеуге қатыстым. Өткен жылы жартылай финалда Руфина есімді бишіден ұтылып қалдым. Ал биыл жеңіске жетуді мақсат еттім. Себебі финалдың Лос-Анджелесте өтетінін білдім. Ал Лос-Анджелеске келу мен үшін үлкен арман болды. Өйткені мен билейтін стильдің (popping) түп-тамыры дәл осы жерден шыққан", – дейді Дәурен Айжарықов.
Red Bull Dance Your Style шарасында Қазақстан атынан бақ сынаған бишінің өнер жолы мектеп кезінен басталған. Алғашында ол спорттық бал билерімен айналысып, кейін көше биіне бет бұрған. "Step Up 2" фильмінен шабыт алған ол хип-хоп бағытында билей бастаған. Бір жарым жыл өткен соң Jabbawockeez тобының өнерінен ерекше әсер алып, popping стилін таңдаған. Содан бері бұл би түрі өмірінің бір бөлігіне айналды.
Бүгінде Darren Pop – Қазақстандағы көше би мәдениетінің алдыңғы қатарлы өкілдерінің бірі. Германия, Италия, Францияда жеңіске жетіп, Сингапур, Қытай және Нидерландтағы халықаралық баттлдарда үздіктер қатарына енген.
"Соңғы үш-төрт жыл мен үшін табысты болды. Германияда өткен 100 DanciBel батлында француз бишісін финалда жеңдім. Кейін Италиядағы Hyper Week жарысында топ жарып, Қытайға жолдама алдым. Польшада өткен батлда да жеңіске жеттім. Жалпы Еуропада өзімді жақсы көрсетіп жүрмін. Бірақ ол жаққа жиі бару қиындау, себебі арақашықтық біршама", – дейді ол.
Фото: Red Bull
Дәурен Айжарықов Popping стилін меңгеру оңай болмады дейді. Себебі алғашқыда Алматыда аталған би стилін үйрететін адам болмапты.
"Мен popping-ті алғаш бастағанда, қаламда оны үйрететін адам жоқтың қасы еді. Бір ғана биші – Тұмар болды. Ол locking стилімен айналысатын. Сол кісіден аздап үйреніп, кейін интернет арқылы шетелдік бишілердің шеберлік сағатына қатыстым. Сол кезде осы стильдің шынайы табиғатын түсіне бастадым", – дейді ол.
Сондай-ақ ол осынша тәжірибеден соң Red Bull Dance Your Style жобасына қатысу үлкен мәртебе болғанын жеткізді.
"Red Bull Dance Your Style – өз атыңды әлемге танытуға көмектесетін тамаша платформа. Бұл шара “Қазақстанда да мықты бишілер бар” деп айтуға мүмкіндік беретін үлкен алаң. Біз де осындай халықаралық сахнада өз стилімізді көрсетіп, елімізді әлемге танытқымыз келеді. Red Bull-дың медиа қуаты өте жоғары, сондықтан мұндай жобаға қатысу өзіңді көрсетуге үлкен мүмкіндік. Осындай үлкен сахнада бақ сынағаным үшін қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе", – дейді Дәурен.
16 қатысушы, финал және айрықша атмосфера
8–9 қазан күндері Лос-Анджелестегі Sunset Eden сахнасында 46 биші бақ сынап, әлемдік финалға 8 қатысушы жолдама алды. Олардың қатарында Германия, Нидерланд, Жапония, АҚШ және Бразилиядан келген үздіктер бар.
Фото: Red Bull
10 қазан күні Red Bull Dance Your Style 2025 Red Carpet шарасы өтті. Бұл финал алдындағы ресми кеш болды. Онда қатысушылар, қазылар алқасы, ұйымдастырушылар мен танымал тұлғалар қызыл кілемнен өтіп, журналистерге сұхбат берді.
Фото: Stan.kz
Бұл кеш би мәдениетінің сән және өнермен байланысын көрсетіп, фестивальдің атмосферасын одан әрі қыздырды. Себебі Red Bull әр бишінің бірегей стилін, соның ішінде олардың киім кию мәнерін де дәріптейді. Бұл әр бишінің даралығын айқындайтын өнердің ажырамас бөлігі. Бишілер өз стилін көрсетумен қатар, арқасына есімдері жазылған Red Bull Dance жейделерін де киіп жүрді. Киім би бейнелейтін оқиғаны, эмоцияны жеткізетін бейнелеу тілі болғандықтан Red carpet кешіне де аса мән берілді.
Ал 11 қазан күні Red Bull Dance Your Style 2025 Әлемдік финалы өтті. Онда 16 биші өнер көрсетті. Оның сегізі финалда бақ сынап, үздіктер қатарына енсе, қалған сегізі арнайы шақырылған wildcard қатысушы. Финалда арнайы бақ сынап, 46 қатысушы арасынан топ жарып шыққандар:
DNPRI (Германия) – hip hop;
Wavee (Словакия) – all styles;
Luciano (Нидерланд) – hip hop;
Nemesis (Филиппин) – krump;
Ryan Furia Jr (Бразилия) – hip hop;
JAÏRA JOY (Нидерланд) – hip hop;
Yuta (Жапония) – popping;
SonLam (АҚШ) – popping.
Фото: Red Bull/ Little Shao
Ал арнайы шақырылған “wildcard” қатысушылар:
Jean-Michel Cruel (Франция) — hip hop, Red Bull би командасының мүшесі;
Hirokoboogie (Жапония) — locking бағытының шебері;
Hooliboy (АҚШ) — Afro Fusion бағытындағы биші;
Paris (Ұлыбритания) — popping;
Silent (Франция) — krump шебері;
Viktor (Чехия) — voguing және waacking шебері;
David “The Crown” Stalter Jr. (АҚШ) — hip hop, Red Bull Dance Your Style бойынша АҚШ чемпионы;
Waackxxxy (Оңтүстік Корея) — 2023 жылғы әлем чемпионы.
16 қатысушы бақ сынаған Red Bull Dance Your Style әлемдік финалы Лос-Анджелестегі Intuit Dome аренасында өтті. Былтыр ғана ашылған алпауыт арена әлемнің үздік фристайл бишілерін біріктірді. Финалды хип-хоп пен радио саласының аңызы Суэй Кэллоуэй мен әйгілі хореограф Шарм Ла’Донна жүргізді.
Фото: Red Bull/ Little Shao
Қызыл-көк түстермен жарықтандырылған залда әлемнің түрлі елінен 10 мыңға жуық көрермен жиналды. Бұл сайыста бишілер әуенді алдын ала таңдаған жоқ. Тіпті дайын хореография да жоқ. Бишілер тек өздерінің музыкалық сезімі, сахнадағы харизмасы және фристайл шеберлігі арқылы көрерменнің көңілін аулауға тырысты. Осылайша тартысты бәсекеде Нидерланд бишісі Джаира Оңтүстік Кореялық ваакер әрі 2023 жылғы Red Bull Dance Your Style әлем чемпионы Waackxxy-ді жеңді. Jaira Joy 2025 жылдың чемпионы атанды. Оның әсерлі әрі энергияға толы өнері көрермендерді тәнті етті.
Оның үстіне бишінің финалға киген киімі де ерекше рөл ойнады деп айтсақ болады. Джайра сахнаға қара түсті классикалық Kangol бас киімін, қара жилет пен белдік тақты. Сондай-ақ кең балақты шалбар және қара түсті Jordan 11 кроссовкаларын киген. Оның үйлесімді әрі еркін қимылы бишіні жеңіске жетеледі деп ойлаймыз.
Фото: Red Bull
Red Bull Dance Your Style тек би жарысы емес. Бұл еркіндік пен шығармашылықтың, мәдениеттер тоғысының және өнер арқылы өз болмысыңды танитын сәт.
Лос-Анджелестегі финалда әр биші өз елінің рухын, өз стилін, техникасын көрсетті. Ал Қазақстан атынан қатысқан Darren Pop-тың өнері елдегі көше би мәдениетінің дамып келе жатқанының айғағы. Red Bull сахнасында қазақ бишісі есімінің аталуы жаңа ұрпаққа шабыт берері сөзсіз.
Red Bull сусын шығарып қана қоймай, бүкіл бір мәдениеттің тынысын ашып отыр. Көше биі еркіндік пен өзіндік стильдің символы. Ал “Red Bull Dance Your Style” сол еркіндікті әлемге паш ететін сахна. Мұнда бишілер қозғалыс, қимылын ғана емес, ішкі болмысын, мінезін, рухын және энергиясын көрсетіп, көрерменмен сөйлеседі.
Фото: Stan.kz
Әлемдік финал қарсаңында Red Bull Dance Your Style Лос-Анджелесті нағыз жаһандық би орталығына айналдырғанын айта кеткен жөн. Қала түрлі би мәдениеттерін дәріптеген шеберлік сабақтары мен шоу-баттлдарға толы болды. Олардың қатарында Лос-Анджелестің әйгілі Outrage тобы өткізген krump сеанстары, Амари Маршалл ұйымдастырған west coast стиліндегі шеберлік сабағы, Ладия Йейтс жүргізген Memphis Jookin және Король Чарльз өткізген Chicago Footwork сабақтары бар. Мұндай іс-шаралар нағыз би мерекесіне айналып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген бишілерге бір-бірімен байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға және би мәдениетін бірлесіп тойлауға мүмкіндік берді. Бұл апталық әлемдегі ең ірі фристайл сахнасын қалыптастырды.
2025 жылы өткен Red Bull Dance Your Style әлемдік финалы би баттл мәдениетінің әлемдік дейгейде дамып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Шетелде бірнеше мүлкі бар, Құлыбаевтың компаниясында директор: Басы дауға қалған Олжас Байділдинов туралы не белгілі
