Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Райымбек Баталовтың әйелі Салтанат Нүкенованың отбасына қолдау білдірді

Кәсіпкер Райымбек Баталовтың әйелі Ленара Баталова Бишімбаевтың сотына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: әлеуметтік желіден

Жары Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев кезекті сот отырысында “ерекше қатыгездікпен қасақана кісі өлтіру” бабы бойынша кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол өз сөзінде Салтанаттың материалдық көмек алу үшін отбасылы адамдармен кездескенін айтап өтті.

"Ол менің кеңсемде бір адаммен түскен суретім бар екенін, сол суреттегі адамның біраз уақыт көңілдесі болғанын айтты. Мен ол адамды танимын. Әрине, бұл ақпарат мені қатты таң қалдырды. Ол одан 20 жас үлкен, төрт баласы бар, Қазақстанда өте танымал адам. Сенімді болу үшін атын ғана айтайын. Есімі Райымбек", – деді Бишімбаев.

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары Бишімбаев кәсіпкер Райымбек Баталовты меңзеп отыр деп болжаған. Кәсіпкердің әйелі Ленара Баталова күдіктінің сөзіне жауап беруге мәжбүр болды, өйткені оның жеке парақшасына сұрақ тудыратын пікірлер ағыла бастаған. 

"Сотта қаралып жатқан іс емес, "Пусть говорят" бағдарламасын көріп отырғандай болдым. Мен отбасымның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірген негізсіз және сандырақ сөздерге түсініктеме бермеймін. Тек Салтанаттың отбасы мен достарына күш-қуат, шыдамдылық пен сенім тілеймін", – дейді кәсіпкердің әйелі.

Еске салсақ, бұған дейін Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы Қазақстанға танымал кәсіпкердің бұрынғы көңілдесі болған деп айыптағаны туралы жазған едік. Бишімбаев кәсіпкердің есімі Райымбек екенін айтады. 

Талқылау