"Рақышев Қонаевтың көлігін ешқашан иеленбеген": Қонаев қоры күні кеше жасаған мәлімдемесін жоққа шығарды
Күні кеше Дінмұхамед Қонаев қорының қызметкерлері белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысының көлігін жекешелендіріп алғанын және оны қайтарып бермей отырғанын мәлімдеген болатын. Алайда бүгін қор президенті өздері таратқан ақпаратты жоққа шығарып, БАҚ-ты жалған мәлімет таратты деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қордың кешегі мәліметінде, 1976 жылы шығарылған ЗИЛ 114 көп жылдар бойы Қонаевтың қызметтік көлігі болғаны, 1996 жылы желтоқсанда қайтыс болғаннан кейін көліктің халықаралық қордың атына қабылданып, тіркеуге алынғаны айтылды.
Алайда 2004 жылдың сәуір айында генерал Шабдарбаевтың өтініші бойынша ретро автомобильдер көрмесіне қатысу үшін президенттің күзет қызметінің гаражына уақытша сақтауға беріліп, кейін көлік қордың көзінен ғайып болғаны біраз уақыттан кейін ол Кеңес Рақышевтың жеке қорына түскені жазылған еді. Бірақ бүгін бұл жазба қордың желідегі парақшасынан өшірілгенін көруге болады.
Ал таратқан жаңа мәлімдемелерінде Кеңес Рақышевтің Қонаевтың автокөлігін ешқашан иеленбегені, керісінше қалпына келтіруге көмектескені жазылған.
"Кеңес Рақышев үнемі әлеуметтік, білім беру, медициналық, сондай-ақ Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасын сақтау саласындағы жобаларды қолдаумен айналысады. Меценат Д.А.Қонаев атындағы Халықаралық қорға тұрақты түрде көмек көрсетеді. Мысалы биылғы жылы "Қонаев дәуірі" деректі-фантастикалық фильмін түсіру жобасына көмек көрсетті және осы фильмнің сценарийін жазған жас авторларды да қолдады. ЗИЛ 114 автокөлігі әрқашан Д.А.Қонаев атындағы Халықаралық қордың меншігі болып табылатынын және ешқашан басқа тұлғаларға берілмегенін ерекше атап өткіміз келеді”, – делінген қор жазбасында.
Сондай-ақ Кеңес Рақышевтің Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қорға деген құрметін білдірді және ары қарай Қордың бастамаларына қолдау көрсетуге уәде бергені жазылған.
“Кеңес Рақышев ешқашан бұл көліктің иесі болмаған, керісінше оны қалпына келтіруге қаржылай қолдау көрсеткен. Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қорға тұрақты түрде көмек көрсетіп келе жатқан белгілі меценат Кеңес Рақышевқа алғысымызды білдіреміз”, – делінген жазбада.
Айта кетейік, Дінмұхамед Қонаев қорының қызметкерлері белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысының көлігін жекешелендіріп алғанын және оны қайтарып бермей отырғаны туралы жазған едік.