Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рақымшылық туралы заң, "бұзақы" қаһармандар және қасіретті оқиғаның астары: Қаңтар оқиғаларына айрықша тоқталған Тоқаев тағы не айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасаған сапары кезінде қаңтар оқиғаларына айрықша тоқталды. Президент қасіретті қаңтарды еліміз үшін "зор сынақ" болғанын айтты. Сондай-ақ мұндай оқиғаның енді қайталанбайтынына сенім білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Тоқаев қала жұртшылығымен кездесуінде қаңтар оқиғалары жайлы қасақана әрекет еткен қарақшылар тобының мемлекеттігіміздің тұғырын шайқалтуға тырысқанын, елдегі тұрақтылықтың тамырына балта шапқысы келгенін айтты. Ол сонымен қоса бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек, ал мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа болғанын сол себепті мәселенің басын ашып алу қажет екенін жеткізді.

Президент қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінетінін айтады. Ол мұның себебін, елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалуымен және мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кеткенімен түсіндіреді. Тоқаев жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажығанын айтады. Алайда Тоқаев қылмыскерлердің көздегені басқа болғанын, олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келгенін түсіндіреді. Сөзінше, алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланған.

"Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ, қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық", - деді президент.

Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты, дейді Тоқаев. Бірақ сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болмағанын, онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан қылар еді.



Мемлекет басшысы ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыздың мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытқанын атап өтті. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік, дейді ол.

"Сол қиын күндерде бүкіл Қазақстан халқы алматылықтардың тілеуін тіледі. Өкінішке қарай, қазір кейбіреулер қылмыстық әрекетті халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүр.

Тағы да айтамын: халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек. Біз жедел және батыл әрекет жасағанның арқасында ел ішінде дереу тәртіп орнаттық. Қабылдаған шешімдеріміз және іс-әрекетіміз бүкіл дүние жүзінде түсіністікпен мойындалды, тіпті, қолдау тапты", - деп түсіндіреді президент.

"Уақыт – емші" деген халық даналығын сөзіне тиек еткен Тоқаев қасіретті күндер алыстаған сайын біртіндеп көмескі тарта беретіні анық екенін айтады. Қарулы күштердің қалай ойран салғаны да естен шығуы мүмкін екенін айтқан ол, ел ішіне жік салғысы келетін арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек деп ескертеді.

Тоқаев сонымен қатар көшеге шығып, бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайтынын тағы бір қайтара еске салды. Қастаңдық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейді. Олардың бәрі лайықты жазасын алады, дейді ол.

Қаңтар оқиғаларына қатысты істі болған азаматтарды ақтау үшін қабылданған Рақымшылық туралы заң жөнінде айтқан президент, мұны адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам деп атаған.



"Бірақ, қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандар да бар. Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай, Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені, кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдер кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады. Бұдан былай мұндай қасірет қайталанбайды деп сенемін. Сол үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қайғылы күндерде қаза болған жандардың жақындарына тағы да көңіл айтамын", - деді мемлекет басшысы.

Сөзінің соңында Тоқаев сын сағатта антқа адал болған құқық қорғау және күштік құрылымдардың қызметкерлерін ерекше атап өткен. Сондай-ақ ол қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге қала тұрғындары да атсалысқанын жасырмайды. 

"Осындай жанашыр азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. "Қаңтар қасіреті" бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жұртымыз жете түсінді. Ал, қоғамға іріткі салуды көздеген қарақшылардың, лаңкестердің мақсаты орындалған жоқ. Керісінше, халқымыздың бірлігі нығая түсті. Ұйысып, жан-жақты жаңғыру жолына қадам басты", - деді мемлекет басшысы.

Талқылау