Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рахымжанмен бірге Рейхстагқа ту тіккен Гриша әділетсіздікке шыдамай асылып өлген

Жаны жомарт жайсаң аға Рахаң жайында әңгіме айтудан мен де жалыға қоймаспын. Шаттанған, шалқи сөйлеген, ренжіген, жирене сөйлеген сәттерінің біразына куәмін. Қарулас болған дос-жолдастары, немесе ауылдас құрбы-құрдастары, ағайыңдары, немесе келіншектер туралы әдемі әңгімелері көп болатын.

photo_4764

Анекдот деген пәленің де “жеті атасын” білетін еді. Рахаң туралы жазылған ірілі-уақты туынды баршылық. Сан шумақ өлеңдер, көлемді очерктер, көркем хикаяттар бар. Жорналшы-жазушы Кәкімжан Қазыбаев бірнеше очерк, «Кернеген кек» атты тартымды хикаят жазды. Кәкең бозбала кезінде Баукеңің – Бауыржан Момышұлының үйінде тұрып, баласындай болып кеткен. Сол үйде үйленген де. Баукең бір күні: «Қазақтың нағыз батыры, анау рейхстагқа ту тіккен ағаң Рахымжан Қошқарбаев осы Алматыда. Сендер білмейсіңдер, жазбайсыңдар. Так нельзя! Понятно?!» десе керек. Кәкең сол күннің ертеңінде Рахаңды іздеп тауып алыпты. Ал Рахаңның өзі жазған «Шабуыл» кітабы – оның жауынгерлік жолының шежіресі.

Орыс қаламгері, жауынгер жорналшы Василий Субботин Рахаңның ерлігіне тәнті болып: «У стен рейхстага», «Знамя победы», «День тысяча четыреста десятый» деген очерктерінде Рахаңның рейхстагқа бірінші болып ту тіккенін тәптіштеп, зор құрметпен, ыстық ықыласпен жазған. Батыр ағаның өзінен естігенім, жазбалардан оқығаным… 1945 жылғы көкек айының соңғы күні, – гитлерлік фашизмнің соңғы жанталасы. Кеңес әскері Берлинге енген. Алқымдап жеткен 150-дивизияның штабы фашистердің ордасы – рейхстагтан қозы өрісіндей ғана жерде, Германия Сыртқы істер министрлігінің жұрт «Гиммлер үйі» деп атаған ғимаратында. Бұл үйге бірінші болып басып кірген де – Рахымжан Қошқарбаевтың барлаушылар взводы.

Енді рейхстагты алудың қамы жасалып жатыр. Дүние жүзін билеуді көксеген басқыншылардың дертесі Мәскеу түбінде қайырылып, міне, 1941-жылғы маусымда айқұлақтанып шыққан апандарына қашып келіп тығылды. Қозы өрісіндей жер діни аңыздағы тозақтың көпіріндей. Екі жақтан айқаса жауған алуан оқ ортадағы үйлерді тас-талқан еткен: темір-бетон қабырғалары сүйекше шашылып жатыр. Қираған танк тұр. Су толы канал, дзот, ор… бәрі де – қылкөпір. Рейхстагқа шабуыл жасаушы дивизия санына қарай 9 Қызыл ту әзірленген. Ал 674-полкта арнаулы ту болмаған соң, өздері қолдан жасап алған. Шабуылға белгі берілісімен полктың 1-батальоны құрамындағы взвод командирі лейтенант Рахымжан Қошқарбаев бастаған топ: лейтенант С. Сорокин, ефрейтор Г. Булатов, қатардағы жауынгер В. Проворотов бірінші болып ұмтылды… Тік жүру қайда, бас көтеру де қатерлі.

Шашылған қабырғалардың бірінен соң бірін қалқа етіп, танкты паналап, ордан, каналдан өту керек. Терезелері үңірейген рейхстагтың о тұсы мен бұ тұсынан пулемет сақылдайды. Не онда, не мұнда жетпей алаңға түсіп жарылып жатқан снарядтар тіпті қауіпті. Рахымжандар жандәрмен сан түрлі айла жасап, ажалдың құрығына ілінбей, алға жылжи берді. Айтуға оңай жылжу жеті сағаттан асып, әйтеуір, ақырында рейхстагқа жетті-ау! Рахымжан ұшып тұрып, қойнына тыққан туды суырып алып: «Гриша! Мә, ұста! Иығыма шық! Туды тік!» деп бұйырды. Жеңістің Қызыл жалауы желбіреді!.. Төрт жыл тосқан сол тарихи сәтте дивизия командирі В. М. Шатилов майдан командашысы Г. К. Жуковқа телефон шалып, Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігін мәлім еткенде: «Какие еще азияты?! Чтоб были русский и грузин!» деген бұйрық алыпты. Ол сөзді сол дивизияның байланыс бөлімінің бастығы Зекен Темірғалиев естіп тұрыпты (Профессор Тілеу Көлбаев, «Рахымжанды Ресей ресми мойындады». «Түркістан» газеті, 07. 05. 2007-жыл.).

Өмір мен өлімнің ақырғы айқас минөтінде де пайда болған пендешілік-ай! Атақты Маршал әділдіктен аттап кетіпті. Оған «азият» емес, өзінің орысы керек болды. Санасының бір түкпірінде И. В. Сталиннің назарына тағы бір ілігіп қалудың артықтығы жоғын сездірген түйір жатыпты. Сол түйір Рахымжан Қошқарбаев тобына бірінші болып ту тіккенге берілмек «Совет Одағының Батыры» атағын бұйыртпады. Сол түйір Рахымжан Қошқарбаевтың Жеңістен кейінгі жолында көпке дейін көлденең жатқан түйетас болды. Жеңіс туын тіккені мереке қарсаңында ғана аздап айтылып, шақтап жазылып жүрді, ал жоғарғы жақтағыларымыз соған да құлақ түре бермеді. Жеңген кеңес жақ емес, жеңілген неміс жақ сергектік көрсетіп, ГДР 1965-жылы Рахаңды Жеңіс тойына шақырды. Біздің ресми басшылық сонда ғана селт етіп іздеттірсе, Р. Қошқарбаев бір кішкене моншаның меңгеруші екен. Соны білген Бауыржан Момышұлының: «Батырыңды «моншаның бастығы» деп апарсаң, қарық боларсың!» деп қаһарланғанын естіген Алматы қаласы атқару комитетінің төрағасы Е. Дүйсенов ертеңінде Рахаңды қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы төрағасының орынбасарлығына тағайындапты.

Ал «Алматы» мейманханасына директор болғаны кейінде. Ақмола қаласына тақау Тайтөбе ауылында 1924-жылы дүниеге келген Рахымжанның балалық шағы да ауыр болыпты. Төрт жасында шешесінен жетім қалған. Әкесі «халық жауы» науқанының құрбаны болған. Жетім балалар үйінде өскен, 7-сыныптан кейін Балқаш қаласындағы фабрик-зауыт училищесінде (ФЗО) оқыған, еңбек жолын бастай бере 1942-жылы майданға аттанған Рахымжан Қошқарбаев – Қазақстанының, қазағының абыройын аспандатқан Азамат, Қаһарман 1988 жылы фәниден бақиға аттанып кетті. Өмірде не болмайды десеміз. Иә, бәрі де болады. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» та рас.

Даңқы сан қиырға кеткен Бауыржан Момышұлы «Совет Одағының Батыры» атағына көзі тірісінде үш мәрте ұсынылса да, оның қақпайлағанға көнбесін сан көрген «құдайлар», әсіресе, маршал И. Конев аяғынан шалып, алдына ор қазып отырыпты. Баукеңе, Рахаңа көзі тіріде Батыр атағын алып беруге біздің «тәңірлер» де қалайда құлықсыз болған, «біз ұсынып едік, Мәскеу қолдамады» деген жұмбақ жауаптан танбаған, дәлелді, заңды үлесін табандап талап етпеген. Жоғары атақтар Баукеңе де, Рахаңа да қайтыс болғаннан кейін бұйырды. Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Н. Назарбаевтың әрекеті нәтижесінде КСРО басшысы М. Горбачев 1990-жылы Баукеңе «Совет Одағының Батыры» атағын беруге ұйғарым жасады. Рахаңа «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағы президент Н. Назарбаевтың жарлығымен 1999-жылы берілді. Айта отырар бір «қызық» жәйт: әнші мен күйшіге, құрылысшы мен кеңшар басшысына… енші етілген Қаһарман атағымыздан Баукең шет қалдырылды. Екі Алтын жұлдызды ұшқыш ағамыз Талғат Бигелдінев те ескерілмеді. Қалайша, неге?!

Біздің қоғамды ем қонуы қиын дерт – немкеттілік жайлағалы жарты ғасырдан асты. Бұған айтылған мысалдарға қосымша бір ғана Рахымжан Қошқарбаевқа қатысты екі дәлел келтірейін. Орыстың майдангер жазушысы Борис Горбатов 1948-жылы «Литературная газетада» Ұлы Отан соғысы хақындағы бір мақаласында: «…Пора кончать сравнивать наших воинов с орлом и беркутом. Какой орел, какой беркут может сравниться с казахом Кошкарбаевым, который на моих глазах водрузил Знамя Победы над рейхстагом, несмотря на сильный и ураганный огонь немцев!» деп жазса, атақты кинооператор Роман Кармен 1949-жылы «Казахстанская правдадағы» естелік-жазбасында Рахаңды іздеп: «…Где сейчас? У меня сохранились кадры, отображающие доблестного воина в тот момент, когда он прикреплял Красный флаг на крыше рейхстага!» депті.

Баукеңнен басқа ешбіреу елең ете қоймапты. Ал Р. Карменнің сол айтқан кадрлар бар кинотаспасы оның мұрағатжайынан ұрланып, ғайып болыпты. Осы екі пікірдегі: «водрузил Знамя Победы над рейхстагом» және «он прикреплял Красный флаг на крыше рейхстага» деген сөйлемдер, мысалы, мені еріксіз ойлантты. Айтылып жүрген: «на первый этаж» бен «над рейхстагомның» немесе «на крыше рейхстаганың» арасында көп айырма бар емес пе? Әрине!.. Рахаңның өзі болса, сәл күлімсіреп отырып: «Гришаның қолы жеткен жерге орнаттық қой» дей салатын. Ресми билік бекітіп кеткен ресми мағлұматтың жаңғыртылмасына, жаңартылмасына, түзетілмесіне көзі жеткен ғой. Сөз орайына қарай айта отыруым керек және бір «әттеген-ай!» бар. Ол – аталған гәзеттің 2-санында жарияланған «Сталин саптан өткенде бәріміз егіліп жылап тұрдық» атты естеліктегі: «Сәуірдің 30-ы күні Рахымжан Қошқарбаев рейхстагтың үшінші қабатына Ту тікті. Бірақ одан екі сағат бұрын Жеңіс туын алғашқы болып тіккен өзбек Юсупов деген жігіт болды» делінген жаңсақ пікір.

Бұның шындыққа жанаспайтын себебі көп, үшеуін ғана келтірейін: 1. Тәуекелге бел буып, рейхстагқа ту тігуге Рахымжан бастап кеткен жауынгерлердің қимылын бақылау пунктінде екі көзі төрт бола бақылап, күтіп отырған дивизия басшылары Юсуповтың тіккенін екі сағат бойы көрмегені қалай? Әлде Рахымжанның тігуін екі сағат әдейі тосып отырып па? Солай шығар десек, В. Шатиловтың рапортына Г. Жуковтың дереу ашуланып, «азияттардан» безініп, орыс пен грузинді іздеттіргені несі? Екі генералды байланыстырып отырған З. Темірғалиев басқа аты-жөнді әдейі естімеп пе?

2. Рейхстагқа туды кім, қашан, қалай тіккені туралы жазылған мақала, очерк, кітап көп. Жоғарыда аталғандары бірер-сараны ғана, осының өзі-ақ Р. Қошқарбаев пен Г. Булатовтың тарихи ерлігін растауға жетіп жатыр және олардың ешқайсысында «Юсупов» деген фамилия жоқ.

3. Білімдар, табанды тарихшымыз Болат Асанов Жеңіс туының тігілуін анықтау жолында қыруар еңбек етіп, ақырында шындыққа көз жеткізді, Рахымжан ағамыздың қаһармандығын сол кездегі ресми құжаттар негізінде күнін күндей, сағатын сағаттай тәптіштеп дәлелдеді де, тұжырымын Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери тарих институының сарапшыларына табыс етті. Институт толық келісіп, оның шешімін Ресей президенті В. Путин бекітіп, қолын қойды. Демек, Рахымжан Қошқарбаев марқұмның аруағынан аттамауымыз керек!

…Немкеттілік сырқаты әдетте тоңмойын билік күшті жерде асқынады. Рахаңның майдандас досы Батыр Григорий Булатов та сондайлардан тауқымет тартыпты. Ол өте қарапайым адам екен. Фашизмнің қара ордасына Жеңіс туын тіккендеріне мақтанбай, үндемей жүре беріпті. Свердловск облысына қарасты Слободск қаласының іргесідегі «Киров» деген деревняда тұрған. Кейін Рахаңның аты шыға бастаған кезде ғана оның да ерлігі бірге айтылып, жерлестеріне мәлім болған. Бірақ жергілікті тоңмойын басшылық мән бермеген де, былайғы жұрт та сенбей, оны «Гриша-рейхстаг» деп мазаққа айналдырған. Сан жылға созылған қаңқу-қорлық сөзден мезі болған соң, Рахаңның арашалағаны да қорған бола алмай, 48 жастағы Григорий қарулас досына мұңын шаға жазған хатын: «…Рахимжан! В этой жизни нет справедливости!» деп түңіліп аяқтапты да, асылып өліпті… х х х Дүние жүзін жаулап алуды, басқа халықтарды “асыл нәсілді немістің” табанына салып құл-күң етуді көксеген гитлершіл фашистерге қарсы адамзаттық әділетті соғыстың тарихына аты мәңгіге жазылған, қазақтың маңдайына мақтаныш үшін біткен қайран Рахаңның арамыздан ертерек, 64 жасында, кеткені, әрине, үлкен өкініш. Бір жұбанышымыз – Қаһарман қазақ Рахаңа жақында Астанада еңселі ескерткіш орнатылғаны. Бәрекелді!

Әдебиет порталы, Ғаббас Қабышұлы

Тағы да оқыңыз:

Мұхтар Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал кім?

Қазақтың үш асыл ұлы бір әйелге ғашық болған

Қазақтың белгілі жазушысы Ілияс Есенберлин жарын қалай таңдаған?

Талқылау