Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атышулы QirSabyn анонимді Telegram-арнасын құрғандар қамауға алынды

Әлеуметтік желіде QirSabyn Telegram-арнасында жалған ақпарат жариялауға қатысы бар адамдардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, аты аталған Telegram-арна жүргізушілері атақты адамдар туралы материалдар жариялап, олардан ақша бопсалаған. 

"Тергеу деректері бойынша 18 желтоқсанда схеманың артында тұрғандар анықталды. QirSabyn Telegram-арнасының үстінен екі адам арыз жазған. Олардың бірі ірі құрылыс компаниясы иесінің әйелі, екіншісі – жоғары лауазымды адамның ұлы. Екі арыз да бір өндіріске біріктіріліп, іс "Аса ірі көлемде бопсалау" бабы бойынша сараланған. Тергеу Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық жедел-тергеу тобына жүктелді. Ал оларға Қаржы мониторингі агенттігі де қол ұшын созды, –дейді журналист. 

Фото: Telegram-арна скрині

Сондай-ақ журналист тергеушілердің Telegram-арна иелерін ұстау үшін арнайы жоспар құрғанын мәлімдеді. 

"Тергеушілер алдын ала ақша дайындап жәбірленушілерге берген. Екі жәбірленуші QirSabyn Telegram-арнасы өкілдерінен материалды алу үшін үлкен соманы төлеген. Осылайша тергеушілер Telegram-арна өкілдерінің соңына түскен. Нәтижесінде жеті адам анықталды. Үш адам ақпарат жазып, ақша алып отырған. Ал екеуі арна құрушысы. Бір адам схеманы ұйымдастырушы және оның жанында көмекшісі болған", – дейді журналист. 

Аталған жағдайға қатысты Бас прокуратура пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, адамдардан ақша бопсалаған топ ұсталды. 

"18 желтоқсанда Бас прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен және Қаржы мониторингі агенттігінің мамандандырылған бөлімшесімен бірлесіп, Астана және Қарағанды қалаларында QirSabyn телеграм-арнасы арқылы шындыққа жанаспайтын ақпаратты жариялау қауіпімен ақша бопсалаған адамдар тобы ұсталды. Шұғыл тергеу әрекеттері жүргізіліп, техникалық құралдар, ірі көлемдегі ақша сомасы және өзге де заттай дәлелдемелер алынды. Telegram-арнаның әкімшілері соттың санкциясымен қамауға алынды. Қажет тергеу және жедел іс-шаралар жалғасып жатыр", – делінген хабарламада. 

Бас прокуратура тергеу аясындағы өзге ақпарат жария етілмейді деп айтты. 

Талқылау