Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

QIC көмегімен Қазақстанда 800-ден астам жұмыс орны құрылды

"Qazaqstan Investment Corporation" АҚ (QIC) ел экономикасындағы елеулі жобаларды жемісті жүзеге асырып келеді. 2007 жылы құрылған корпорация Қазақстандағы тікелей инвестициялар нарығын дамытуға маманданған жалғыз мемлекеттік институт болып отыр.

Халықаралық тәжірибесін әр салада, нақты мақсатта қолданып келе жатқан QIC экономикалық өсімге және жұмыс орындарын көптеп құруға қол жеткізді. QIC Басқарма төрағасы Ерболат Жолаттың айтуынша, жалпы өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым, логистика, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларында 120 жоба іске асырылды. 

– Ерболат Бауыржанұлы, QIC әлеуметтік-экономикалық жұмыстарын қалай бағалайсыз? Ең бастысы, қанша адам жұмыс тауып, еңбек етіп келеді?

– QIC елдің экономикасына үлес қосу арқылы әлеуметтік саланың дамуына да айрықша көңіл бөледі. Нақты сандармен айтсақ, 2024 жылы біз 844 жаңа жұмыс орнын құрдық. Жаңа жұмыс орындары мен экономиканың өсуі арқылы халықтың табысы артатыны рас. QIC қолдау көрсететін инвестициялық жобалар әлі де жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, халықтың кәсіби дағдыларын дамытуға және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, QIC заманауи технологияларды енгізіп, қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсартып отыр. Оларды тұтынатын – халық. Бұл ретте экономиканы жақсарту ел тұрғындарының әлеуетін арттыру деген тұжырым шығаруға болады. 

– Жыл ішінде іске асқан инвестициялық қызметтің қорытындысын шығарып көріңізші. Қаражат қандай салаларға бағытталды? Оның ішіндегі әлеуметтік салалардың үлесі қаншалықты?

– QIC отандық кәсіпкерлермен белсенді жұмыс істеп, қаржылық және кеңес беру тұрғысынан барынша қолдау көрсетеді. Тиісінше бұл шағын және орта бизнестің дамуына ықпалын тигізсе, ол ел экономикасы тұрақтылығының негізі саналады. 2024 жылы QIC жалпы сомасы 20 млрд теңгеге бірнеше жобаны қаржыландырды, соның ішінде жылыжай кешенін салу, құю өндірісін жаңғырту және ПВХ және радиаторлар шығаратын зауыттар құру сияқты іргелі жобалар бар. 

Мәселен, QIC қаржыландырған жобалардың бірі – "Прима Кус" ЖШС құс фабрикасы, серіктестік 2024 жылы Popeyes фаст-фуд мейрамханалар желісімен байланыс орнатып, негізгі ет тасушы нысанға айналды. Өздеріңіз білетіндей, Popeyes – әлемдік сұраныстағы ресторан. Қазір осы "Прима Кус" фабрикасы тасымалдайтын сапалы ет өнімдерінің арқасында Алматы қаласында алты мейрамхана ашылды, сондай-ақ алдағы жылдары Астана және Шымкент қалаларында да бой көтермек. Осылайша, QIC әлемге танымал брендтің Қазақстанға келуіне септігін тигізді. 

Одан әрі Жетісу облысының Ескелді және Көксу аудандарындағы қуаты 7 МВт ГЭС салу үшін "Жоғарғы-Талапты ГЭС" ЖШС инвестициялық жобасының үшінші траншын қаржыландырдық. 

Тағы бір ауқымды жоба – құйма бөлшектердің жаңа өндірісі. Мұны "Востокмашзавод" АҚ қолға алып, 5 млрд теңге жұмсайды. Жаңа өндіріс Өскемен қаласындағы теміржол саласы мен тау-кен металлургия кешені үшін өнім шығаруға мамандандырылады. Былай қарағанда, бұл ел экономикасы үшін маңызды қадам. Қазақстанда теміржол саласының қосалқы бөлшектерін шығаратын өндіріс орны санаулы. QIC бұл жобаны бастамас бұрын бірнеше ай талдау-сараптамалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде "Востокмашзавод" ауқымды жұмысқа кірісіп кетті. 

– Qazaqstan Investment Corporation – бұл жай ғана компания емес, мемлекеттің қолындағы маңызды құрал деп айтуға келетіндей. Сіздердің қызмет халық игілігіне бағытталып отыр, әрбір қазақстандықтың өсуі мен дамуы үшін зор мүмкіндік жасап келесіздер. Бұл тәуелсіз экономиканы құруға көмектесе ала ма?

– Біздің компания бәрінен бұрын сапалы экономика құруға бар күшін салады. 2024 жылы QIC қызметі Қазақстанның инвестициялық нарығын дамытуда айтарлықтай өсімге қол жеткізді. QIC әлемдік озық тәжірибелерді интеграциялауды жалғастыра береді. Жоғарыда атап өткен және басқа да жобалар экономикалық өсімге, инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. Тағы бір айта кетерлігі, компания қайта даярлау бағдарламаларын және білім беру бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасап, азаматтарға еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімделуге көмектеспек.

– QIC технологиялық стартаптар мен жобаларға инвестиция салады, бұл Қазақстанның цифрлану бағытына және заманауи технологияларды енгізуге жол ашады. Мұны елге халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді деп айта аламыз ба?  

– Әрине, бұл әлемдік экономиканың талаптарына жауап береді. Қазақстандағы PE нарығы Mubadala, CITIC Group, Еуропалық Қайта Құру және даму банкі сияқты әлемдік ұйымдармен әріптестіктің арқасында біршама өскен. QIC портфелінде 17 қор бар десек, олардың бесеуі венчурлық. QIC ерекшелігі – бірлесіп қаржыландыру стратегиясы, былайша айтқанда, QIC әр доллары сыртқы инвестицияның екі долларын тартады. QIC стартаптар мен IT жобаларын қолдай отырып, жоғарыда айтқан венчурлық капиталды белсенді түрде дамытуда. Қазіргі уақытта QIC үш венчурлық қоры дамушы инвестициялық кезеңде тұр. Жаңа қорлар Орталық Еуразияға бағытталмақ, бұл халықаралық инвесторларды тартуға ықпал етеді. 

– Осы жылы компанияның халықаралық аренадағы жұмыстарына тоқталсаңыз. Атап айтарлық жобаларыңыз бар ма?

– 2024 жылы QIC бірнеше халықаралық инвестормен келісімдер жасасты, бұл Қазақстан экономикасына капитал тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз. Жыл басында әлемге танымал Sturgeon Capital Ltd, кейін Hong Kong-Shenzhen Innovation and Technology Park Limited компанияларымен байланыс орнатылды. Өткен қыркүйекте Gulf Capital PJSC компаниясымен стратегиялық серіктестік туралы келісім жасалды. QIC жасыл энергетика мен тұрақты даму жобаларына белсенді түрде инвестиция салып, елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Мұның барлығы оңай жұмыс емес. Жобаларымыз толығымен іске асса, елдің сапалы экономикасын дамытуға тағы бір үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.  

Талқылау