Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазпоштада" тариф көтеріледі: Нақты қай қызмет түрі бойынша баға өсетіні айтылды

ұлттық компания тарифі өседіФото: facebook.com/pg/Kazpost

“Қазпошта” ұлттық компаниясы бірқатар қызмет түрлері бойынша тарифтерді  арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін компания басшысы Бекежан Жақеев "Қазпоштада" тариф бағасы өсетінін айтқан еді. Оның сөзінше, тарифтердің өсуі барлық қызметке бірдей әсер етпейді. 

“Тек экономикалық тұрғыдан негізделген және қоғамдық талқылаудан өткен бағыттар бойынша өзгеріс енгізіледі. Әрбір тариф өзгерісі қоғамдық тыңдаулар арқылы қаралады. Мысалы, газет жеткізу құнын арттыру мәселесі қызу талқыланды. Соған қарамастан, тарифтерді көтеру компанияның тұрақты дамуы үшін қажет”, – деді ұлттық оператор басшысы.

Аталған жағдай бойынша Stan.kz тілшісі "Қазпошта" ұлттық компаниясынан нақты қай қызмет бойынша тариф өсетінін сұралы. 

Компания мәліметінше, қазір жекелеген қызмет түрлері бойынша тарифтерді өзгерту қарастырылып жатыр. 

“Атап айтқанда Ресей рублімен (RUR) қолма-қол ақша қабылдау операциясы бойынша пайыздық мөлшерлеме қайта қаралады. Клиенттің банктік шотының бар-жоғы туралы анықтама беру қызметінің құны өседі. Банктік шоттағы қалдықты растау туралы анықтама беру қызметі де қымбаттайды. Бұл өзгерістер белгіленген тәртіпке сәйкес кезең-кезеңімен енгізіледі”, – делінген хабарламада. 

“Қазпошта” биыл жазылым бойынша мерзімді басылымдарды тарату қызметінің тарифтері көтерілмейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар жазбаша хат-хабарларды жіберу қызметі бойынша да тарифтерді арттыру жоспарда жоқ екенін айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алдағы уақытта электр энергиясының тарифтері қымбаттайтыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 10 Сәуір, 2026 14:20