Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың ресейлік әншінің өтпей қалған концерті үшін төлеген миллиондаған теңгесі қайтарылды

Фото: ria.ru

Қазақстандықтарға сот арқылы ресейлік әнші Akmal-дың өтпей қалған концертіне алынған билеттер үшін 5,3 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Солтүстік Қазақстан облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, сот талқылауына қазақстандықтардың жаппай шағымы себеп болған. Олар 2025 жылы 25 қазанда Қостанайда өтуі тиіс болған ресейлік орындаушы Akmal-дың концертіне билет сатып алған.

Концерт өтпейтін болғаннан кейін ұйымдастырушы заңда белгіленген тәртіпке сай ақшаны қайтармай келген. Тұтынушылардың бір бөлігі мүлде төлем алмаса, енді біріне қаражат тек ішінара ғана қайтарылған.

"Істі қарау барысында тұтынушылардың едәуір бөлігіне төленген қаражаттың толық қайтарылмағаны анықталды. Кәсіпкерге сотқа дейінгі талап-арыз жолданғанына қарамастан, анықталған заңбұзушылықтар жойылмаған. Оннан астам тұтынушының құқықтары бұзылғанын ескере отырып, Департамент заңнамаға сәйкес белгісіз тұлғалар тобының мүддесін қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын жүзеге асырды", – делінген хабарламада.

Сот қорытындысы бойынша жауапкерден зардап шеккен азаматтардың пайдасына 5 380 126 теңге өндіріліп алынды.

Сот билеттерді сату үшін электрондық платформаларды пайдалану бизнес субъектілерін заң алдындағы жауапкершіліктен және көрсетілмеген қызметтер үшін қаражатты толық көлемде қайтару міндетінен босатпайтынын атап өтті.

Еске салсақ, 2025 жылдың қазан айында ресейлік әнші Акмалдың Қазақстанда өтетін концерттері тоқтатылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 08 Сәуір, 2026 22:53