Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық шахматшы әлемге әйгілі гроссмейстермен суретке түсемін деп басы дауға қалды

Алуа НұрманФото:Sportarena.kz

 

Қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман әлемге әйгілі гроссмейстер Магнус Карлсенмен суретке түсемін деп дауға қалды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алуа Нұрман Германияда өткен Grenke Chess Open турнирінде әлем чемпионы Магнус Карлсенге қарсы ойнады. Партия алдында ол Карлсенмен суретке түсуге ниет білдіріп, екеуі бірге селфи жасаған.

Алайда кейін Магнус Карлсен қазақстандық шахматшының қолында телефон болғанын айтып, төрешілерге шағым түсірген. Осыдан соң бақылау комиссиясы Алуа Нұрманның телефонын тәркілеген.

Халықаралық ережелерге сәйкес, ойын залына ұялы телефон алып кіруге қатаң тыйым салынады. Тіпті сөндірілген телефонның өзі техникалық жеңіліске әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, осы жағдайдан кейін Алуа Нұрман пікір білдіріп, Магнус Карлсенмен суретке түскеніне риза екенін айтты.

Өз кезегінде Қазақстан шахмат федерациясы да түсініктеме берді:

"Германиядағы Grenke шахмат фестивалі кезінде Алуа Нұрман Магнус Карлсенмен селфи жасау үшін ойын залына смартфон әкелді. Магнус Карлсен суретке түсуге келісім берді. Осыдан кейін төреші жарыс ережелеріне сәйкес телефонды тәркілеп, ескерту жасады. Турнир ережелері сақталды. Оқиға шешілді және басқа ешқандай санкциялар қолданылған жоқ. Алуа Нұрман турнирді жалғастырып жатыр", — делінген федерация хабарламасында.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 06 Сәуір, 2026 21:32