Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот той өткіземін деп несие алып, оны төлей алмаған қазақстандық әйелдің кредитін кешірді

Фото: ЖИ

Павлодар облысында отбасылық шара өткізу үшін несие алған әйел оны төлей алмайтынын айтып, банкрот деп тануды талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Павлодарлық әйел төлем қабілетсіздігін алға тартып сотқа жүгінген. Арыз берушінің тұрақты табыс көзі жоқ, асырауында кәмелетке толмаған екі баласы бар.

Несиелер 2019 жылы отбасылық шараны өткізу үшін алынған. Сотқа жүгінген кезде жалпы қарыз сомасы – 6 344 644 теңге. Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тартты. Алайда әйел апелляциялық шағым түсіріп, арызды қанағаттандыруды сұрады.

“Сот алқасы әйелдің берешегі заңмен белгіленген шектен (АЕК-тен 1600 еселенген) асатынын, бірнеше кредиторлардың алдында міндеттемелері бар екенін, берешектің өтелмегеніне 12 айдан астам уақыт өткенін, бұрын банкроттық рәсімі қолданылмағанын анықтады. Қаржы басқарушысының банкроттық рәсімін қолдану үшін негіз жоқ деген қорытындысы негізсіз деп танылды, себебі қарыз сомасы дұрыс анықталмаған”, – делінген хабарламада.

Борышкердің теріс пиғылы туралы дәлел анықталған жоқ. Сондай-ақ сот жұмыс пен кірістің болмауы банкроттық рәсімді қолданудан бас тартуға негіз емесін, өйткені мұндай шарттар қолданыстағы заңнамада қарастырылмағанын атап өтті.

Сотта материалдық жағдайының нашарлауы объективті жағдайларға байланысты екені және бұрын міндеттемелер тиісті түрде орындалғаны анықталды.

Сот алқасы “арыз беруші төлемге қабілетсіз борышкер критерийлеріне сәйкес келеді, одан бас тартуға негіз жоқ” деген қорытындыға келді. Осылайша бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шықты.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 11:14