Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жертөле мен жерасты паркингтері төтенше жағдай кезінде бункер ретінде пайдаланылады

Фото: freepik.com

Қазақстанда жертөлелер мен жерасты паркингтері төтенше жағдай кезінде паналау орны ретінде пайдалануға берілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде халықты паналатуға арналған жаңа стандарт енгізілді. Енді жертөлелер, жерасты паркингтері және өзге де жер асты кеңістіктері паналау орындары ретінде бейімделеді. Мұны еліміздің Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Бұл ереже 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енген. Құжат Төтенше жағдайлар министрлігінің өтінімі негізінде әзірленген.


Алматыдағы Назарбаев резиденциясының орнындағы жаңа саябақта бункер табылмады


Министрлік мәліметінше, жаңа стандарт төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттырып, халық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Құжатта ғимараттарды тексеру, оларды бейімдеу тәртібі және паналау орындарына қойылатын бірыңғай талаптар белгіленген.

“Атап айтқанда, жерасты үй-жайларында желдету, су, электр, байланыс жүйелері мен санитариялық жағдайларға қатысты талаптар қарастырылады. Сонымен қатар ғимараттардың техникалық жай-күйін бағалау, қажет болған жағдайда оларды күшейту және қайта жабдықтау шаралары көзделген”, – делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, әлемдік тәжірибеде жертөлелер мен жерасты кеңістіктері халықты қорғау үшін кеңінен қолданылады. Енді мұндай тәсіл Қазақстанда да жүйелі түрде енгізіледі.

Жаңа стандартты қабылдау жерасты нысандарын тиімді пайдалануға және төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Апокалипсис болған жағдайда қоныстануға болатын жер асты бункерлері салынатыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 07 Сәуір, 2026 16:03